Мемлекет басшысы Мұхит-Ардагер Садықназаровты қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит Ардагер Садықназаровты қабылдады.

Кездесуде саяси ғылымдар докторы өзінің "Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. 16-шы, 19-шы ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті" атты жаңа еңбегін таныстырды. Оның айтуынша, Қазақ хандығы 1465 жылдан бері мемлекет ретінде Батыс елдерінің атлас карталарында көрсетілген. Олардың арасында АҚШ, Бельгия, Англия, Франция, Италия, Германия және басқа да елдерде басылған карталар бар. Қасым - Жомарт Тоқаев Мұхит-Ардагер Садықназаровтың еңбегін жоғары бағалап, еліміз бен халықаралық іс - шараларда арнайы көрме ұйымдастыру керектігін атап өтті.

Аталған еңбекте мемлекеттігіміз анық көрсетілген және орта ғасырлардан, яғни 1562 жылдан бастап 1879 жылға дейінгі кезең қамтылған. Барлығы – 130 карта. Автор кітаптың Бельгия баспасынан шығуын бельгиялық, нидерландық картографтар Қазақ мемлекеттілігін алғашқылардың бірі болып картаға түсірумен байланыстырады.