Президент Жарлығымен полицейлер наградталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін екі бірдей полиция қызметкері екінші дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

Оның бірі Арман Әріпжанов. Ол ақпанның жиырмасы күні өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан Шымкент қаласындағы қару-жарақ дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған күдіктіні ұстады. Әріпжанов Шымкент қаласы полиция департаменті «Тұран» ауданы полиция басқармасының жедел уәкілі. Мемлекет басшысынан орден алған екінші қызметкер Бекен Қоңысов. Жамбыл облысы полиция департаментінің жедел уәкілі ақпанның он тоғызында Жаңатас қаласында қарулы адамдардың қылмыстық әрекетінің жолын кесу кезінде батылдық пен ерлік көрсетті.