ҚР және ЕО құқықтық салада ынтымақтастық Хаттамасына қол қойды

Брюссельде «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» сот төрелігі және құқықтық тәртіп жөніндегі Кіші комитеттің және адам құқықтары жөніндегі диалогтың отырыстары өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандық делегациядан Бас прокуратураның, Жоғарғы соттың, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, құқық қорғау мекемелерінің өкілдері қатысты. Тараптар азаптауларды алдын алу, заңсыз көші-қонға, лаңкестікке, есірткі қылмысына, көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, сот-құқықтық реформа, Қазақстанның қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы еуропалық конвенцияларға қосылу бастамасына қатысты мәселелелерді талқылады.

Сонымен қатар азаматтық қоғамды дамыту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сөз және дін бостандығы туралы пікір алмасты. Аталған отырыстардың соңында тараптар бірлескен қызметтің одан әрі қадамдарын белгілеп, тиісті Хаттамаға қол қойды.

Болат Дембаев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Бізде конституциялық реформа өткенін хабарладық. Бұрын жай Кеңес болса, қазір Конституциялық Сотымыз бар. Азаматтарымыз оған тікелей жүгініп, өз құқықтарын қорғай алады. Сондай-ақ сайлау заңнамамыздағы реформаларды түсіндіріп бердік. 19 наурызда мажоритарлық негізде Парламенттік сайлау өтеді. Саяси партияларды тіркеу тәртібі жеңілдетілгенін әріптестерімізге жеткіздік. Сайлауға 2 жаңа партия қатысады.