Президент М. Сұлтанғазиевті қабылдады

Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімін қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Марат Сұлтанғазиев Президентке өңір экономикасының өсімін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасы мен табысын арттыру, сондай-ақ жаңа облыс орталығын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде есеп берді. Өңір жетекшісінің айтуынша, былтыр Алматы облысында 37 мың жұмыс орны ашылған.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қонаев қаласын дамыту жоспарын пысықтау жөніндегі жүйелі жұмыстарды жалғастыруды және облыс аумағын кешенді дамыту міндеттерін жүзеге асыруды тапсырды.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

- Мемлекет басшысына былтырғы жылдың нәтижелері бойынша баяндадым. Жалпы, экономикалық көрсеткіштер оң динамикалы. Су тасқыны бойынша алдын ала жұмыстары бойынша баяндалды. Қонаев қаласы бойынша кешенді жоспар даярлау бойынша тапсырма берілді.