Біздің таңдауымыз болашағымызды айқындайды

19 наурыз күні қазақстандықтар Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын таңдайды.

Бұл жолы дауыс беру Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай, жаңа ереже бойынша жүзеге асады.

Яғни 2004 жылдан бері алғаш рет халық қалаулылары аралас жүйемен сайланады. Астана тұрғындары дауыс беру күніне белсенді қатысуға ниетті. Азаматтар Ата Заңда бекітілген құқығын пайдаланып, ел болашағы үшін өз кандидатын қолдауды құп көреді.

Дауыс беру учаскесінде сайлаушыларға 4 бюллетень ұсынылады: Мәжіліске партиялық тізім бойынша депутаттарды таңдау – көк түсті; бір мандаттық округтер бойынша үміткерге дауыс беру – жасыл түсті бланкі арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, қалалық мәслихат депутатын таңдау үшін бюллетеньдер қызылкүрең және қызғылт сары түсті болады. Айта кетерлігі, әр бюллетеньде «бәріне қарсымын» деген баған бар.

БЛИЦ:

- Қазақстан үшін. Өзіміздің болашағымыз үшін керек. Барлықтары барсын. Қазақстан үшін дауыс берсін. Ең білімді, жақсы жұмыс істейтін кісілерге берсін. Халық үшін жұмыс істейтін кісілерге берсін.

- Сайлау конечно қажет бізге. Ол жаңа реформалар алып келеді.  Көптеген өзгерістер болады. Әркім әр қалай сөз беріп жатыр. Енді, көреміз қаншалықты рас болады. Қаншалықты сөздерінде тұратынын. Дауыс береміз. Сайлауға қатысамыз. Ол - біздің болашағымыз.

- Енді әр адам Қазақстанның азаматы болғаннан кейін енді мемлекетке өзінің бір пікірін, өзінің ойын жеткізуі тиіс деп ойлаймын. Азамат, азаматшасы болғаннан кейін. Өзім ойлаймын. Өзіміз барамыз. Өзіміздің дауысымызды береміз. Қазақстанымызды дамытатын, жаңашыл идеяны әкелетін, қоғамымызға үлес қоса білетін, таза, әділетті, сондай тұлға болса деп тілейміз.

- Енді халық сайлайды ғой. Әділ сайлау болса. Сонда баруға болады.

- Енді адам мемлекетте бір өзгерістер болсын деп барады. Негізі сайлау күні адам деген сайлауға бару керек, дауысын беру керек. Сосын, енді шешімін күту керек.

- Әрине болашақты ойласақ баруымыз керек. Қазір енді депуттаттар сөйлеп жатыр ғой. Өздерінің программаларын айтып жатыр. Сол программалар қайсы ұнайды, сол адамдарға дауыс беру керек.

Тұрғындар өз сайлау учаскесін онлайн платформалар арқылы анықтай алады. Ол үшін: sailau.astana.kz ресми сайтына кіріп, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу қажет. Қала әкімдігінің арнайы телеграм парақшасы, Ikomek, Smart Astana мобильді қосымшалары да қолжетімді.

Рухани Асқар, Серік Қоңырбаев