АҚШ сарапшылары Қазақстандағы саяси өзгерістерді оң бағалап отыр

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы – Қазақстанның кезекті саяси, әлеуметтік және экономикалық жаңғыру жолындағы маңызды қадам. Еліміздің даму процесін АҚШ сарапшылары осылай пайымдайды. Вашингтондағы Каспий саяси орталығының басшысы Эфган Нифти қазақ елі соңғы жылдары демократиялық процестерге екпін беріп, елеулі қадамдар жасады деп отыр. Әсіресе халықтың ішіндегі барлық топтың үніне құлақ түретін қоғамдық диалог орнатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрбек Бекен, тілші:

- Елдегі саяси реформалар халық пен ұлықтың байланысын тереңдете түсудің төте жолы болып отыр. Заңнамадағы түзетулер республикалық деңгейде және жергілікті билік сатысында саяси белсенділікті арттырды. Демек өзара бәсеке артып, халыққа жақын кандидаттар өздері-ақ іріктеліп шығады. Яғни, жұрт өзін тыңдайтын азаматты таңдайды. Америкалық сарапшылар еліміздегі саяси әралуандылыққа жол ашатын өзгерістерді дұрыс бағалап отыр. 

Эфган Нифти, Каспий саяси орталығының басшысы:

- Бұл саяси-әлеуметтік реформалар қоғамның әртүрлі санатының дауысын есту, олардың Қазақстандағы шешімдер қабылдау ісіне етене араласуын қамтамасыз ету тұрғысынан өте маңызды. Менің пікірімше, кез келген билік қоғамның өкілдерін саяси процестерге, заң шығарумен өзге де саяси және әлеуметтік өмірдің басқа да маңызды аспектілеріне қатыстыруға мүмкіндік беруі керек. Бұл орайда, Қазақстан аймақтағы көптеген елге үлгі болды. Әрине, бұл бірден жүзеге асатын оңай процесс емес. Қазақстан өзгерістерді біртіндеп жүйелі түрде енгізіп жатыр.

Қазақстанда 16 жыл тұрған, еліміздің өткені мен бүгінін бір кісідей білетін халықаралық сарапшы Хавьер Пьедра саяси париялардың теледебаттарын арнайы көргенін айтады. Ол партиялар арасында шынайы тартыс жүріп жатқанын байқадым дейді. Саяси күштер ғана емес, өздерін ұсынған үміткерлердің де белсенділік танытуы азаматтық қоғамның сайлауға ерекше мән беріп отырғанын көрсетеді.   

Хавьер Пьедра, халықаралық даму бойынша сарапшы:

- Реформаларды билік пен халық бірлесіп жүзеге асыруы тиіс. Осы сайлауда 786 халықаралық тәуелсіз байқаушы келуі мүмкін. Бұл – өте маңызды көрсеткіш. Салыстырмалы түрде айтқанда осыншама тәуелсіз байқаушының келуі басқа елдерге қарағанда жағдай әлдеқайда жақсы екенін көрсетеді. Бұның бәрі билік тек бір адамның қолында емес, президенттік-парламенттік жүйеге өтіп жатқанын байқатады. 

Сонымен 19 наурыздағы саяси науқанға сырт көз де ерекше назар аударып отыр. АҚШ сарапшысы Хавьер Пьедра Қазақстан тәуелсіздік алғалы тоғызыншы рет өткелі отырған сайлауға халықаралық ұйымдардың көңіл бөлуі еліміз үшін үлкен сенім екенін айтады.

Авторы: Нұрбек Бекен.