Қазақстандағы этникалық қарым-қатынас Вашингтонда талқыға түсті

Қазақстандағы ұлтаралық қарым-қатынас Вашингтондағы Еуропа, Ресей және Еуразияны зерттеу институтында талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Америкалық зерттеушілер мен отандық ғалымдар өзара пікір алмасты. Іс-шараны Қазақстан елшілігі мен Ассамблея және Джордж Вашингтон университеті жанындағы Эллиот халықаралық қатынастар мектебі бірлесіп ұйымдастырды.

Нұрбек Бекен, тілші:

- АҚШ-та тұратын халықтың этникалық құрамы сан алуан. Соған сай көпмәдениетті мемлекет. Дегенмен олар ағылшынша сөйлейді һәм өздерін осы елдің азаматымыз деп мақтанышпен айтады. Қазақстан да әлемдегі өркиетті елдердің жолымен келеді. Елімізде этникалық топтардың мәдениетіне деген құрмет қалыптасқан. Аласапыран жылдары байтақ жерімізге келіп қоныстанған этникалық азшылықпен қазақ ұлты бірлікте тұрып жатыр.

Айгүл Садуақасова, Қолданбалы этно-саяси институты директорының орынбасары:

- Біз бір-бірімізге этникалық көзқарастан емес, біз бір-бірімізге бір елдің азаматы екенімізді танытуымыз керек. Өйткені барлық этникалық топтар қазіргі таңда менің елім Қазақстан, менің туған жерім Қазақстан деп шынайы айтуға мүмкіндігі бар және айтып та келеді.

АҚШ-та 500 ғалым жобасы бойынша тағылымдамадан өтіп жатқан әлеуметтанушы Айгүл Садуақасова америкалық әріптестеріне өзінің зерттеуін таныстырды. Қазақстандағы этносаралық қатынастырдың үйлесімді дамуы еліміздің басты саяси бағыты екенін түсіндірді. Конституцияда айтылғандай, біз – біртұтас халықпыз. Ал біздің күшіміз – бірлікте.

Айгүл Садуақасова, Қолданбалы этно-саяси институты директорының орынбасары:

- Қазақстанда егемендік алғалы бері бірде-бір этникалық қарым-қатынаста саяси сұрақ болған жоқ. Міне, осыны біз есте сақтауымыз керек. Жаңағы локалды болып тұрған қақтығыстар ол жергілікті сұрақтардың шешілмеуі, жергілікті білім жүйесінің әлі де бұрынғы Совет үкіметінен қалып қалған бір көзқараста жүріп жатқанын білдіреді.

Мәселен, Жамбыл облысында 2020 жылға дейін күрдтер тұратын Қасқабұлақ ауылында қазақ тілі оқытылмаған. Сол кездегі аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен қазақша сынып ашылып, арнайы мұғалім көшіп барды. Аймақтарда әкім-қарар мен білім басқармаларының қолын ешкім қағып отырған жоқ. Ендігі мәселе шекаралық аймақтағы халықты қазақстандық контентпен қамтуға көңіл бөлу қажет. Елдің шетіндегі жұртты көршіміздің интернетіне телміртпей, сапалы желі тартып беруіміз керек.

Айгүл Садуақасова, Қолданбалы этно-саяси институты директорының орынбасары:

- Оның да біздің ұлттық ерекшелігімізге өте үлкен әсері бар. Сондықтан бізде телефон, интернет байланысы болуы керек, телевидение болуы керек, радио болуы керек. Қазақстандық контентті тарату керек. Шекаралық аймақтар көрші елден контент қабылдайды қазіргі таңда. Ол – шындық. Оны біздің де шетелдік зерттеушілерді оқысаңыз да тура сондай.

Жалпы алғанда, Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік саясат пен әлеуметтік-мәдени дамуына қатысуы тұрақты болып отыр. Әлбетте өзара бейбітшілік пен келісім ұстанымы өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.

Ержан Ашықбаев, Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Американ қоғамы да көпұлтты болғандықтан, Қазақстанның озық тәжірибесін бұл елде пайдалану тұрғысынын бұл ел де ескеру тұрғысынан да маңызды деген ойдамын. Қазақстан тек шетелдік тәжірибені үйреніп қоймай, біздің де тәжірибенің, еліміздегі оң тәжірибенің зерттеліп басқа елдерде іске асырылуына қолғабыс жасау мүмкіндігі туды.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Америкада этностық қатынысты зерттейтін ғалымдар көп. Олар ішкі жағдайды ғана емес, әлемнің өзге де мемлекеттеріндегі ахуалды жігіт бақылап отырады. Сондықтан сырттағы сарапшыларпен пікір алмасып тұрудың маңызы зор.

Авторы: Нұрбек Бекен.