«Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығын құру ісі жеделдейді

«Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құрылысы келесі жылы басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ташкентте Қазақстан және Өзбекстан Үкіметінің жетекшілері бас қосты. Тараптар өзара сауда-саттықты ұлғайтатын жаңа келісім жасасып, шекаралық орталық құруды жеделдетуге уағдаласты.

Күн шұғылалы Өзбекстан қазақ делегациясын құшақ жая қарсы алды. Әлихан Смайылов әуелі тәуелсіздік монументі орналасқан аумаққа барып, гүл шоқтарын қойды. Көршіміздің өткені мен бүгіні осы саябақта көрініс тапқан.

Екі елдің өзара сауда-саттығы былтыр 5 млрд долларды екшеп, рекордтық деңгейге жетті. Биыл тағы бір меже еңсерілуге тиіс. Алғашқы тоқсанда-ақ алыс-берістің 10%-ке артқаны байқалып отыр.

Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:

- Ауыл шаруашылығы мен тамақ индустриясы саласындағы өзара сауда көлемін ұлғайту. Сондай-ақ Қазақстан-Өзбекстан кооперациясының жоғары серпінін ынталандыру қажет. Бұл тұрғыдан Орталық Азия халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құрылысы ерекше рөлге ие.

«Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық». Қазақ пен өзбек те барлық бағытта сенімді серіктеске айналып келеді. Экономика мен саясатта көзқарас ортақ, ұстаным бір. Енді өнеркәсіп орындарын көптеп құратын кез жетті, -дейді мамандар. Сондықтан «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация аумағын салу жөніндегі келісімге шілде айында нақты қол қойылады. Ал келер жылы толыққанды құрылысы басталады.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

- Бұл жол картасы болашақта 2 айдың ішінде келісімге әкеледі. Содан кейін орталықты құра бастаймыз. Келер жылы бастаймыз. Бұл орталық сауда қарым-қатынасын үдете түседі.

Әлихан Смайылов әріптесіне тек саудамен шектеліп қалмай, көлік-транзиттік мүмкіндіктерімізді өзара пайдалануға шақырды. Қазақстанда бұл бағытта ауқымды әлеует бар. Ал Өзбекстан Оңтүстік Азияға шығу мүмкіндігін ұсынады.

Абдулла Арипов, Өзбекстан Республикасының премьер-министрі:

- Жұмысшы топ үшінші елдерден келетін импортты алмастыруға кірісті. Бірлескен сыртқы сауда компаниясы құрылды. Қазір Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 1200 кәсіпорын бар. 5 жыл бұрын көрсеткіш 6 есе аз еді.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөз 5 бағыттағы мәселені қамтыды. Сауда, тасымал, экология, өнеркәсіптік кооперация және еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған ұсыныстар қаралды. Қазақстан Өзбекстанға өңделген өнім экспортын арттыратын болып келісті.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Түркістан облысында біз мал бордақылау алаңын және ет өңдеу орталығын салып жатырмыз. Соның нәтижесінде өңделген өнімді экспорттаймыз. Ал өсімдік жағынан алатын болсақ, әріптестерімізге 4 жобаны ұсындық. Қазақстанда орналасатын майлы дақыл өңдеуге Өзбекстаннан инвесторларды шақырдық.

Еліміз «Қытай-Қазақстан-Өзбекстан» бағытын дамытып, халықаралық тасымалға жағдай жасауға ниетті. Осы мақсатта дәліздің өткізу қабілетін арттыруға кірісті. Энергетика саласында да ауқымды жобалар бар. Қазақстандық мұнай, көмір және ресейлік газ транзитіне қатысты мәлеселер пысықталып жатыр.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Екі елдің де халқына тікелей әсер ететін саланың бірі – су шаруашылығы. Көршімізбен трансшекаралық өзен арналарын бірлесіп пайдаланып отырмыз. Бұл өз алдына бөлек дипломатияны қажет етеді.  Сондықтан тараптардың мүддесі ескерілуі қажет. Үкімет басшысы кеңейтілген құрамдағы жиында осы өзекті жайтқа да тоқталды. Әрі су саласындағы серіктестік одан әрі жалғасады деген сенімін жеткізді.

Авторы: Рауан Мыңбаев.