Германияның Федералды Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 19-21 маусым күндері Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді",-деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Сапар аясында екі ел басшылары келіссөздер жүргізіп, сауда-экономикалық, инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге, көлік-логистикалық және энергетикалық қатынастарды дамытуға, сондай-ақ гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән беріледі. Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық серіктестіктің жай-күйі мен оны нығайту перспективалары қарастырылады. Екі ел президенттері қазақ-герман бизнес форумына қатысады.
Бұдан бөлек,Франк-Вальтер Штайнмайер сапар аясында Маңғыстау облысына барып, өңірдің экономикалық әлеуетімен танысады. Қазақстан-Германия инжиниринг институтының ашылуына және Svevind шведгерман компаниясының жасыл сутегі өндіретін зауытының сынама бұрғылау жұмыстарын бастау рәсіміне қатысады деп жоспарланып отыр. Франк-Вальтер Штайнмайер Маңғыстау облысына сапармен баратын алғашқы Еуропалық президент болмақ.