Ұлттық құрылтай мүшелерінен елдік мұратымызға қатысты жүзден астам ұсыныс түсті
Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды.
Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев еліміздің тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағын шығаруды тапсырды.
Алқалы жиында Президенттен бөлек құрылтай мүшелері де елдік мұрат, ұлттық тұтастыққа қатысты маңызды мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Сонымен ашық алаңда не айтылды? Олардың мән-маңызы қандай?
Әртүрлі сарапшылар мен өзекті тақырыптар және қызу пікірталас. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай кең ауқымда, алуан түрлі тақырыпты қамтыды. Сонысымен де мәнді әрі жемісті өтті. Алқалы жиынға қатысушылар осылай дейді. Расымен де талқыланған тақырыптар мен көтерілген мәселелер өзектілігімен құнды. Себебі қазір халық қоғамда әділдік орнап, әділеттілік салтанат құрғанын қалайды. Ал әділеттілікті адал азаматтар орнатады.
«Әр адам адалдықты өзінен бастаса, әділ қоғам орнайды», - дейді құрылтайға қатысушылар.
Мұрат Әбенов, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Әділетті Қазақстан болу үшін әрқайысымыз адал азамат болуымыз керек. Адал қызмет жасауымыз керек. Адал табыс табуымыз керек. Әр адам өзінен адалдықты талап етсе, адал азамат болып қалыптасса, онда мемлекетте әділдік болады. Сонда үлкен идеологиялық ұсыныс, идеологиялық құндылық – адал және әділетті, екі жағын біз теңестіреміз.
Сондай-ақ жиында мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажеттігі айтылды. Себебі кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол,-дейді сарапшылар. Сондықтан елдік нышандарымыздың танымалдығын арттырып, бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Жұлдыз Сүлейменова, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Кейбір қалаларға барсаңыз, ол қаланың безендірілуі дизайн-кодпен тікелей байланысты. Сондықтан мен бұл мәселені қолдаймын. Жалпы мемлекеттік рәміздер, мемлекеттік деңгейдегі барлық дүниелерде арнайы бекітілген бүкіл дәстүріміз, түрлі түстердің барлығы қарастырылып, зерделеніп, ол ортақ бір дизайн-кодтпен бекітілуі қажет деп қолдаймын.
Соңғы кездері жастар арасында тыйым салынған есірткіге құмарлық артып барады. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайға қатысушылар осыған заң аясында шектеу қоюды ұсынды. Себебі синтетикалық есірткінің жарнамасы әлеуметтік желілерде де жиі кездесе бастаған. Құзырлы органдар бүгінге дейін осыған қатысты 2 мыңнан астам заңсыз сайт бұғаттаған. Оны табыс көзіне айналдырғандар буыны бекіп, оң-солын танымаған жастарды шырмауықтай шырмап барады,-дейді алқалы жиынға қатысушылар.
Айгүл Орынбек, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Жастар арасындағы нашақорлыққа жеке көңіл бөлгені ұнап отыр. Тәртіп сақшылары, алдағы уақытта Парламент депуаттары, үкімет осыған арнайы заң шығарып, жастар арасындағы нашақорлықпен күресетін уақыт келді. Оны біз кейінге қалдырмауымыз керек. Себебі бізге дені сау ұрпақ керек. Осы айтылған ұсыныстардың барлығы жақынарада қолға алынып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Түркістанда өткен алқалы жиынның қорытындысы бойынша ұлттық құрылтай мүшелерінен елдік мұрат, ұлттық мүддеге қатысты 100-ден астам ұсыныс түсті. Олардың дені азаматтық қоғамды дамыту, этносаралық бірлікті нығайту, ұлттық идеология, білім, мәдениет, руханият салаларын қамтыған. Осы идеяларды жүзеге асыру үшін арнайы іс-шаралар жоспары әзірленетін болды.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш