Германия президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді
Германия президенті мемлекеттік сапармен Қазақстанға келеді.
Франк-Вальтер Штайнмайерді өте тығыз күн тәртібі күтіп тұр.
Ол жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізеді, ректорлар жиыны мен Қазақстан-Германия бизнес-форумына қатысады. Неміс президентімен қоса Бундестаг депутаттары, бизнесмендер, сондай-ақ оқу орындарының басшылары мен журналистер де қазақ жеріне аяқ басады. Екі елдің арасындағы қарым-қатынас қалай дамып жатыр және осы жолғы сапардың екіжақты ынтымақтастық үшін маңызы қандай?
Германия Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланғаннан кейін 2019 жылдың қысында барған Еуроодақтағы алғашқы мемлекет болатын. Сарапшылар бұл екі жақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін білдіреді дейді. Расында Қазақстан мен Германияның арасындағы достық қарым-қатынас нығаймаса, бәсеңдеп көрген емес. Енді Астана мәртебелі қонақты қарсы алуға қызу дайындалып жатыр. Бүгінде неміс мемлекеті Қазақстан экономикасына инвестиция салып отырған 10 елдің қатарына кіреді. Ал Алаш елі ГФР-дің Орталық Азиядағы басты экономикалық серіктесі. Германия статистикасы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр 53 пайызға өсіп, 9 миллиард еуродан асты.
Нұрлан Онжанов, ҚР-ның ГФР-дағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
"Биыл Қазақстан мен Германияның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 31 жыл толды. Осы жылдар ішінде сенімді саяси диалог және өз ара тиімді сауда экономикалық қарым-қатынас орнатылды. Осыдан он жылдай бұрын Берлин Еуразиялық клубы өмірге келді. Ол қазір екі ел арасындағы диалог платформасы болып табылады және ондай диалог платфломасы Қазақстанның басқа батыс әлемінде әзірге жоқ. Тағы бір ерекше жоба - ол қазақ кітапханасы жобасы. ол елшіліктің біраз жылдан бері жүргізіп жатқан жобасы. 30-ға жуық қазақ классиктертерінің шығармалары неміс тіліне аударылды".
Астанада жоғары деңгейдегі келіссөздер ғана емес, сондай-ақ үлкен бизнес форум да өтеді. Елордада екі жаққа да тиімді бірқатар келісім-шартқа қол қойылады.
Эдуард Кинсбрунер, Германия экономикасы комитетінің аймақтық директоры:
"Неміс бизнесмендерінің сіздің елге қатты қызығып отырғанын көреміз. Қазақстан бүкіл аймақ үшін ірі хабқа айналғалы отыр. Бизнес-форумға қатысуға 200-ден астам өтінім түсті. Өнеркәсіп, баламалы энергия, логистика және инфрақұрылым салаларында келісімдер жасалады".
Оливер Хермес, "WILO" компаниясы басқармасының төрағасы:
"Неміс инвесторлары Қазақстанға айрықша қызығып отыр. Қазірдің өзінде біз көптеген салады жемісті еңбек етіп жатырмыз. Баламалы энергетика саласындағы ынтымақтастықты тереңдетсек деймін".
Франк-Вальтер Штайнмайердің бұл Қазақстанға екінші сапары. Ол алғаш рет Халықаралық экспо өткен 2017 жылы келген. Бұл жолы Германия президенті Маңғыстау облысына да барады.
Нұрлан Онжанов, ҚР-ның ГФР-дағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
"3 іс-шара жоспарланып отыр. Оның бірі Есенов университетінде қазақ-неміс инжиниринг институты ашылады. Сол ашылуға қатысады. Ол жерде бізде әзірге жоқ мамандықтар дайындалады. Ол неміс концорциумының күшімен және университеттің күшімен. Ол жерде жасыл су тегі немесе жасыл энергетика мамандары дайындалады және логистикаға байланысты мамандықтар дайындалады. Студенттер биылдан бастап қабылданады және де бір ерекшелігі онда мамандар екі елдің де дипломын алады".
Бүгінде біздің елде неміс капиталымен салынған 600-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Сарапшылардың пайымынша, Франк-Вальтер Штайнмайердің сапары екі жақты саяси әрі экономикалық ынтымақтастыққа тың серпін бермек.
Ернат Мелсұлы, Шолпан Найманбаева