Сенатта инклюзия жөніндегі кеңес құрылады

Бұл туралы мүгедектігі бар адамдардың өзекті мәселелері және оларды шешу жолдарына арналған дөңгелек үстелде айтылды.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев кеңес мүшелерінің елімізде толыққанды инклюзивті орта қалыптастыруға ықпал ететінін айтты. Оның аясында сапалы әрі тиімді заңнамалық ұсыныстар әзірленетініне сенім артты.

Бүгінге дейін Парламенттің жоғары палатасы «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға» факультативтік хаттама ратификациялады. 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар орындалып жатыр. Кездесуде айтылған ұсыныстар мен бастамалар «Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы» заң жобасын әзірлеуге серпін береді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Сенат сіздермен етене жұмыс істеуге ниетті. Мүмкіндігі шектеулі жандар тақырыбын бірінші рет қозғап жатқан жоқпыз. Сәтті шешімдер де бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Әлеуметтік кодексті» қабылдадық. Түрлі федерациялардың жұмысына қолдау көрсетеміз. Заңдарға өзгертулер енгізуді ұсындық. Бұл – Сенат айналысып жатқан жүйелі жұмыстар. Енді келесі деңгейге өту керек. Сол себепті инклюзия жөніндегі кеңесті құрамыз.