Газа секторынан Қазақстанның 92 азаматы шығарылды
Бүгін эвакуацияның бірінші кезеңі жүзеге асырылып, нәтижесінде «Рафах» бақылау-өткізу пункті арқылы Газа секторынан Мысыр аумағына Қазақстанның 92 азаматы мен олардың отбасы мүшелері өтті.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандық дипломаттар отандастарымызға барлық қажетті консулдық-құқықтық және психологиялық көмек көрсетті. Шекарадағы рәсімдерден кейін біздің азаматтарымыз колонна құрамында жолға шықты және жақын арада Каир қаласына жетеді – делінген ақпаратта.
Айта кететін жәйт, ҚР азаматтарын Газа секторынан эвакуациялау кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Осы орайда қазақстандық дипломаттар Израиль, Мысыр, Палестина ұлттық әкімшілігінің құзыретті органдарымен және басқа да халықаралық ұйымдармен қалған отандастарымызды анклавтан эвакуациялау бойынша жұмысты жалғастырады.
Біздің барлық азаматымыз Газа секторынан Каирге аман-есен жеткізілгеннен кейін ҚР Үкіметі оларды елге жеткізу үшін эвакуациялық борт жолдайды – делінген ақпаратта.
Естеріңізде болса, 6 қарашада өткен брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Газа секторында Қазақстанның 76 азаматы, олардың отбасы мүшелерін қосқанда жалпы 161 адам барын мәлімдеген болатын.