Қазақстан мен Того арасындағы сауда-саттық артады

Қазақстан мен Того арадағы сауда-саттықты еселеп арттырмақ ниетте.

Екі ел үкіметіне нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берілді. Біздің ел Африка құрлығындағы мемлекетке дәнді дақылды экспорттауға дайын. Бұл жөнінде Қазақстан және Того Республикасы Президенттерінің БАҚ өкілдеріне бірлесе жасаған мәлімдемесінде айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи ресурстарға бай Қазақстан мен Того елдері темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау, өндіру және игеру үшін бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігіне ие екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен Қазақстан кәсіпкерлері Тогоның тау-кен өндірісін зерттеуге дайын екенін атап өттім. Сонымен қатар екі елдің көлік-логистика саласындағы әріптестігі жан-жақты талқыланды. Қазақстанға Ломе портының әлеуетін қарастыру бойынша ұсыныс айтылды. Бұл теңіз айлағы қызмет ауқымы бойынша Батыс Африкада екінші орын алады. Біз өзара тиімді әріптестікті дамытуға барынша күш салуымыз керек. Сондықтан Того кәсіпкерлерін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырдым. Олар форумда Қазақстанның экономикалық әлеуетімен таныса алады.