Қазақстан адам құқықтарын қорғау бағытында нақты қадам жасап жатыр

Ақорда сайтында осы бағытта атқарылған жұмыс жарияланды.

Мәлімдемеде Қазақстан ауқымды демократиялық реформалар жүргізіп, өзінің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес адам құқықтарын қорғайтыны жазылған.

Елімізде ауқымды саяси өзгерістер 2022 жылдан бастау алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел басқару тетіктерін экономикадан саяси бағытқа қарай икемдеді. Нақтырақ айтсақ, саяси басқарудың теңгерімді жүйесі құрылып, есеп беретін Үкімет және ашықтық қағидаттары енгізілді. Мақсат – елімізді саяси тұрғыда трансформациялау және «Әділетті Қазақстанды» құру процестерін соңына дейін жеткізу.

«Негізгі реформалар: демократияға атсалысу

- ҚР Президенті бір рет жетіжылдық мерзімге сайлану ережесі бекітілді;

- Президенттің жергілікті атқарушы органдарға қатысты өкілеттігі шектеліп, Сенаттағы квотасы қысқартылды;

- Ресми саяси партияларды тіркеу шегі төрт есе төмендетілді;

- Мәжіліс сайлауы партиялық тізімдер мен бірмандатты округтер бойынша өтті;

- Қазақстан тарихында алғаш рет аудандық және қалалық деңгейдегі әкімдер сайлауы өткізілді;

- Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру есебінен жергілікті билік органдарының өкілеттіктері кеңейтілді;

- Президенттік жастар кадр резерві құрылды;

- Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Ұлттық құрылтай болып қайта құрылды».

Негізгі реформалардың екінші тармағына құқық қорғау тетіктері кіреді. Онда жұртшылықтың талап-арызын ашық әрі кедергісіз жеткізуіне заңды түрде мүмкіндік жасалған. Мәселен, петицияларды жариялау және қарау тәртібін реттейтін норма күшіне енді. Ал адам құқықтары жөніндегі омбудсмен институты конституциялық мәртебеге ие болды. Бұл шаралар қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайта түсті. Реформаның үшінші бөлігінде әлеуметтік қорғау жұмыстарына басымдық берілген.

«Адам құқықтары және заң үстемдігі

- Әлеуметтік кодекс қабылданды. Құжат халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал санатына жататын азаматтарды жан-жақты қолдауға бағытталған;

- Президент Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне толық сай келетін «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлыққа қол қойды;

- Қазақстан балалар мен мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ-ның факультативтік хаттамаларын ратификациялады;

- Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді;

- Ұлттық қордан балаларға арналған аударымдарды реттейтін заң қабылданды;

- Митингілер туралы жаңа заң қабылданды. Онда рұқсат алудың орнына алдын ала ескерту тәртібі енгізілді;

- Сонымен қатар БАҚ туралы заң қауіпсіз цифрлық кеңістік құру мақсатында реформаланды».

Осылайша, саяси жүйе жаңғырып, азаматтардың құқықтарын қорғауға нақты қадам жасалды.