Қасым-Жомарт Тоқаев және қазақ тілі
Тіл мәселесі. Қазақ қоғамының адымы ашылмай, қарығы басылмай қайта-қайта тіреліп жүрген тұйығы.
Өмірін қазақ елімен тұтастырғысы келетін, болашағын осы елмен бірге елестететін, тілге, ұлтқа жаны ашиды-ау деген жандар бұл тұйықтан шығу үшін түрлі жол іздеп жүр. Бірақ, көбі өз бетінше ізденеді. Себебі елде мемлекеттік тілді дамытудың, қолданыс аясын кеңейтудің нақты бір бағдарламасы жоқ десек те болады.
Әрине, біз «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» деп аталатын құжатты ұмыта қойған жоқпыз. Ол құжат қабылданғаны былай тұрсын, аяқталуының өзіне 1-ақ жыл қалды. Бірақ, мынадай іс жасалды деп ауыз толтырып айта қоярлық ештеңені көріп отырған жоқпыз, әзірше. Бұл басқа әңгіме.
Ал біз бүгінгі мақаламыз арқылы соңғы 5 жылда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілге қатысты қандай ойлар айтқанына қысқаша тоқталғымыз келеді.
2019 жыл
Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады, - деді Мемлекет басшысы 2019 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында. (Президент: «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік»).
Президенттің осы бір ауыз сөзінде тіл мәселесін шешудің ең басты тетігі айтылды. Әрине көбіміз Ата заңның 7-бабының 2-тармағына тіреліп отыратынымыз жасырын емес. Оны өзгерту, тіпті алып тастау туралы ұсыныс айтып жүргендер көп. Ұсыныс айтуға, мемлекеттік тілге қамқор болуға кез келген азаматтың құқығы бар. Дегенмен, Мемлекет басшысы айтып отырғандай, отбасымызда, бала-шағамызбен қай тілде сөйлесіп жүрміз, балабақша қай тілде жұмыс істейті – міне, мәселе осында. Өзіміз қоғамнан мемлекеттік тілді талап етіп жүріп, үйде қызымызды «доча», ұлымызды «сынок» деп отырған жоқпыз ба?
Осы сұқбатында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», деді. Ендеше келесі жылы айтқан сөзіне назар аударайық.
2020 жылы
2020 жылы 25 маусымда «Ана тілі» газетіне сұқбат берген (Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр) Мемлекет басшысы Тіл туралы мәселені тереңнен қозғады.
2019 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында Президент мемлекеттік тілді дамытудың бір ғана тетігін атаса, бұл жолғы сұқбатында қазақ тілін дамыту үшін нақты не істеу керегін тәптіштеп түсіндіріп берді.
Біздің мемлекеттік тілдің жағдайын қайта-қайта көтеріп, оның мүшкіл халі туралы айта бергенімізге өзге елдер, әсіресе Орталық Азиядағы мемлекеттер түсінбей, таңданыспен қарайды. Қазір – нағыз аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ. Олай болмаған жағдайда біз өзімізді халықаралық қоғамдастықтың алдында кемшін ұлт ретінде көрсетеміз – дейді Тоқаев өз сұқбатында.
Ол осылай дей отырып, «Ал енді не істеу керек?» деген сұрақ қойып, оған өзі жауап береді.
Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс.
Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.
Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн.
Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет – дейді Мемлекет басшысы.
Президент атап өткен төрт түрлі бағыт – елдегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте түсудің нақты қозғаушы күші десек болады. Осы сұқбат барысында Мемлекет басшысы қазақ тілінің насихаты, қолданысы, қоғамдағы өз орнын табуына ықпал ететін тағы бір өзекті мәселені көтерді. Ол – қазақ кинематографиясы. Мәдениет және ақпарат министрлігі таратқан ақпараттан білетініміздей, елдегі отандық кинолардың тілдік қолданысқа жұмыс істегені былай тұрсын, жұмсалған қаржыны ақтай алмағанын әлі ұмыта қойған жоқпыз.
Меніңше, Орталық Азиядағы көршілеріміздің тәжірибесі бізге пайдалы әрі үлгі боларлықтай. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографистер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің киногерлер де ауызбіршілік таныта алмай отыр. Бұл – шығармашылықты тұралататын жағдай – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2021 жылы
2021 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Мемлекет басшысы тіл туралы бұған дейін айтқан мәселелерінің маңыздылығына тоқталды. Әрине сол мемлекетте тұрып, сол мемлекеттің азаматы бола тұрып мемлекеттік тілді білмеу, мемлекеттік тілде сөйлемеу қаншалықты сорақылық екенін елестетудің өзі қиын.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл» екенін атап өтті.
Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты.
Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары.
Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек. Ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осы жерде бұған дейін біз мысал ретінде келтірген 2019, 2020 жылдардағы Мемлекет басшысының тіл туралы айтқан ойларын мына мақалада айтқан ойы шегелей түскенін байқауға болады. Әуелі, 2019 жылы тіл мәселесін шешудің ең басты тетігін айтты. Екінші – 2020 жылы тілдің қолданыс аясын кеңейтудің 4 түрлі басымдығын атап көрсетті. Енді міне, 2021 жылы тіл үйрену не үшін керек, Қазақстандағы қазақ тілін білудің маңыздылығы қандай екенін жете түсіндіріп отыр.
2022 жылы
Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, сіз де осыны естен шығармаңыз, қазақ тілінің мәртебесін нығайтуға, бірақ басқа тілдерді кемсітпеуге және зиян келтірмеуге шаралар қолдануыңыз керек. Бұл басқа тілдерде сөйлейтін адамдар мен азаматтарға да қатысты айтылған. Тілге қатысты кемсітушілікке жол жоқ. Бұл сұраққа Конституция нақты жауап береді. Еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, бірақ орыс тілі де еліміздің Конституциясында лайықты орын алады. Ендеше осыдан бастайық, - деді Мемлекет басшысы.
Бұл 2022 жылы 29 сәуірде «Егемен Қазақстан» сайтында жарияланған «Тоқаев: Мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін естен шығармаңыз» атты қысқа ақпараттан алынған үзінді. Ақорданың ресми сайтында дәл осы күні «Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басымдықтарын айқындап берді» деген тақырыппен Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясының жұмысына қатысқаны туралы ақпарат жарияланған. Алайда ол жердегі Президенттің сөзінен жоғарыда «Егемен Қазақстан» сайты берген мәтінді таппадық.
Десе де, біз үшін ақпараттың бар-жоғы маңызды болса да, одан да өзекті бір мәселе бар. Ол – мемлекеттік тіл. Демек, Тоқаев осы сөзі арқылы еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне де мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығын анық көрсеткен.
Қалай десек те, Қасым-Жомарт Кемелұлы осы елдің басшысы ретінде мемлекеттік тілді меңгерудің, оның қолданыс аясын кеңейтудің, азаматтардың қазақ тілінде сөйлеуінің барлық алғышарттарын жасау тетіктерін ұсынды.
2023 жыл
2023 жылы 13 қазанда Мемлекет басшысы Қазақстандағы қазақ тілі үшін «күйіп» жүргендерге ұнамайтын бір ұсыныс жасады. Ол – ТМД көлемінде «Орыс тілін дамытуға қатысты халықаралық ұйым құру» туралы бастамасы болатын. Бұл ұсыныс Бішкек қаласында өткен ТМД-ға мүше елдер басшылары кеңесінің отырысында айтылды. Осы жиында Тоқаев:
Қазақстан қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін күшейту саясатын жалғастыра береді, – деді.
Яғни, қазақ тілінің мәселесі халықаралық деңгейде айтылып, оның Қазақстанның ресми тілі екені көршілерге де емеуірін ретінде жетті деген сөз. Біз мысал етіп отырған 2019 жылдан бергі жүлгені ізбей қарасаңыз, Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі тіл саясатын тұрақты әрі саты сатысымен жүргізіп отырғанын байқауға болады.
2024 жылы
Ұлтымыздың рухани мінберіне айналып үлгерген Ұлттық құрылтай жиынында Тоқаев тіл мәселесін тағы көтерді. Ол өзінің жүйелі жүргізген тіл саясатының жеміс бере бастағанын анық байқатты.
Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек – деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдағы сөзінде.
2024 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев тіл туралы тағы бір маңызды жиында сөз етті. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзі еді.
Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің дамуына айрықша назар аударуға ықпал етеді. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көп тілді ел, болашақта да солай бола береді. Бұл – біз үшін орасан зор басымдық – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде.
Біз шағын мақаламызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін ұстаған соңғы 5 жылда мемлекеттік тілге қатысты айтқан ең негізгі деген сөздерін келтірдік. Сөзіміздің басында тіл жанашырларының көбі өз бетінше ізденеді. Себебі елде мемлекеттік тілді дамытудың, қолданыс аясын кеңейтудің нақты бір бағдарламасы жоқ десек те болады деген едік. Бұл ойымыздан әлі де қайта қойған жоқпыз. Дегенмен, Президент сөздерін басшылыққа ала отырып, тілдерді дамыту орталықтары жүйелі жұмыс істер болса, қазақ тілінің аясы кеңіп, адымы ашыла түсетінін осы мақаланы оқып шыққан кез келген жан пайымдайтыны сөзсіз.
Ержан Жаубай