Алматыда ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы өтті
Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымға мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Жиынға әскери құрылым қолбасшылары мен біріктірілген штаб басшысы қатысты. Ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов ықтимал қауіп-қатерлер жөнінде баяндама жасады. Тараптар әскери қауіпсіздік жөніндегі ойларын орталыға салып, пікір алмасты. Кеңестің пленарлық отырысында ұжымдық күштердің дайындығын жоспарлау, оларды заманауи үлгідегі қару-жарақ және арнайы техникамен жабдықтау мәселесі қаралды.
Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:
- Бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Олардың ішінде біріккен оқу-жатығу жиындарын өткізу, ұжымдық күштерді жабдықтау, келесі жылы өткізілетін іс-шараларды жоспарлау мәселесі қамтылып отыр. Сондай ақ біріктірілген штабтың жұмысы, қаржыландыруға қатысты сұрақтар қаралды. Ұйымға мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің келесі кездесуі қараша айында Астанада өтеді.