Е.Қарин: Ішкі саясатта біз өзіміздің күн тәртібімізге жүгінуіміз қажет

Ішкі саясатта біз өзіміздің күн тәртібімізге жүгінуіміз қажет.

Біздің күн тәртібіміз жасампаздыққа негізделген, жаңа қоғам құруды, жаңғыруды және реформа жүргізуді көздейді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушылары мен оқытушылар құрамының алдында сөз сөйлеу барысында осылай деді. Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанған саяси бағдары құқықтар мен міндеттерді теңдей бөліп қарайтын әрі «Әділдік» ұстанымына негізделген «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына арқа сүйейтінін атап өтті. Сондай-ақ «Әділдік» қағидатын дәл осылай түсіндіру елімізде кешенді түрде жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени реформаларға ортақ тақырып екенін жеткізді. Бұдан бөлек, ол соңғы бес жылда қалыптасқан саяси бағдардың тұжырымдамалық негізіне және оның құрамдас бөліктеріне тоқталды. Ерлан Қариннің пікірінше, жаңа құндылықтар жүйесін ұстану ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға септігін тигізеді.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі:

- Әділеттілік, әділдік, әділетті Қазақстан ұғымдарын Мемлекет, билік тарапынан бұрын да айтылып, көтеріліп жүрген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымына кіріскен алғашқы сөзіндегі ең бірінші көтерген ұғымы, құндылығы да әділетті Қазақстанды құру болатын. 2019 жылы наурыз айынан бастап. Яғни, 2019 жылдан бастап Мемлекет өз саясатында қабылданған көптеген шешімдер негізінде осы әділдік, әділеттілік принцпіне сәйкес қабылдап келді.