Мәжіліс және Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттары кездесті

Мәжіліс және Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттары Астанада кездесті.

Келелі кеңеске Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Ресей мемелекеттік дума төрағасының орынбасары Александр Жуков қатысты. Тараптар қос мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық байланысын бағамдап, екі жақтың қатынасын одан әрі нығайтудың тетіктерін талқылады. Айта кетейік, отырыс алдында Мәжіліс төрағасы Мемлекеттік Дума төрағасының бірінші орынбасары, Ресей тарапынан комиссияның тең төрағасын қабылдады.  Олар да екі ел арасындағы байланысты нығайту жайында сөйлесті. Жиында тағы қандай мәселелер сөз болды? Толығырақ тілшіміз Шернияз Жалғасбекұлы рет-ретімен баяндап береді.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- 1992 жыл. Осыдан 32 жыл бұрын қазақ-орыс билігі  «Достық, ынтымақтастық және өзара көмек жөніндегі» келісімге қол қойды. Сол уақыттан бері  алыс-беріс қарқын алып, арада дорба да, жорға да жүрді. Тараптардың татулығын нығайту үшін маңызды шешімдер қабылданды. Қазірде көрші ел ең үлкен экономикалық һәм саяси серіктесімізге айналды. Бүгін сол достық байланысты тағы бір мәрте пысықтау үшін екі жақтың депутаттары бас қалада басқосты.

Бұл көптен күткен күн. Тараптар ішін-ара әріптестік байланыс орнатып  жүргенімен, 2018 жылдан бері ресми кездесу өткізбеген. Сол себепті келелі кеңестің күн тәртібінде 7 тақырып талқыланды. Екі елдің әлеуметтік, экономикалық және мәдени байланыстарын пысықтап, арадағы ахуалды бағамдады. Жиынның алғысөзі Ерлан Қошановқа берілді.  

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Ресей – Қазақстанның сенімді одақтасы және стратегиялық серіктесі. Жыл өткен сайын біздің қарым-қатынасымыз тек нығая түсуде. Бұған көшбасшыларымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путиннің арқасында қол жеткіздік. Мемлекеттер басшылары әріптестікті дамудың жаңа деңгейіне көтерді. Екіжақты қатынасты дамытуда парламентаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Біз түрлі алаңдарда жиі кездесеміз, пікір алмасамыз. Біздің әр басқосуымыз жаңа идеялар мен бастамаларға толы. Бүгін ұзақ уақыттан кейін комиссиямыздың жұмысын қайта жандандырғанымыз да – бірлесіп жұмыс істеуге ынталылығымыздың айғағы.

Мәжіліс спикері Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік жылдарында достық пен сенімді нығайтуға бағытталған берік шарттық база қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ, тауар айналымының шамамен 70 пайызы өңіраралық және шекара маңы саудасына тиесілі екеніне назар аударды. Ерлан Қошановтың қонақжайлық лебізінен кейін сөз тізгіні көрші мемлекеттің өкілдеріне өтті. Өз кезегінде Александр Жуков Қазақстандағы ресми кездесулердің маңыздылығына тоқталып, комиссия жұмысына сәттілік тіледі.  

Александр Жуков, РФ Федералдық жиналысы Мемлекеттік Думасы төрағасының бірінші орынбасары:

- Елдеріміздің көшбасшылары парламенттер алдына сауда-экономика, инвестиция саласындағы, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту міндетін қойды. Біз президенттеріміздің уағдаластықтарының іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуіміз қажет. Парламенттік өлшемдегі өзара іс-әрекеттің тиімділігін арттыру, азаматтарымызды толғандыратын мәселелерді шешу де өте маңызды.

Дума төрағасының орынбасары парламентаралық жұмыстың жүйелі жүргізіліп келе жатқандығын да сөз етті. Мәселен, Ресей мен Қазақстан шекарасындағы қазақстандық жүк тасымалдаушылардың мәселесі тараптардың қатынасуымен шешілгенін айтты. Сондай-ақ, қазақстандық мұсылмандарды алда келе жатқан Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Бұл да, екі ел арасындағы етене қатынастың, тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарайтындығынын бір белгісі болса керек. 

Александр Жуковтың құттықтауы

Артынша жиын жүргізушілері екі жақтың салалық комитет жетекшілерін жеке-жеке таныстырды. Бір-бірін біліскеннен кейін, диалог алаңы іскерлік талқылауға ұласты. Әуелі палатааралық әріптестік байланыс жайы бағамдалып, заң шығарушы органдардың озық тәжірибелері ортаға ұсынылды. 

Виктор Селиверстов, РФ Федералды жиналысы бюджет және салық комитетінің мүшесі:

- Отырыстың мақсаты - парламентаралық байланыстарды нығайту. Біз қазақстандық депутаттық корпуспен жақсы таныспыз. Сондай-ақ Қазақстан-Ресей парламенттерінің достыққа бағытталған етене жұмысына тоқталғым келеді. Өзім төрағалық жасайтын комитетке 60-қа жуық адам мүше. Бұл думадағы ең үлкен әрі белсенді топ.  Біз әріптестік байланысты одан әрі нығайтуға ниеттіміз.  Бүгінгі айтылғанның бәрі нақты істерге айналады деп ойлаймын.

Альфия Когогина, РФ ФЖ Мемлекеттік Думаның шағын және орта кәсіпкерлік комитеті төрағасының бірінші орынбасары:

- Мен перзидентіміз Владимир Владимирович Путиннің халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатынан мысал келтіргім келеді. Ол өз сөзінде Қазақстан мен Ресей қатынасын іскерлік, әріптестік,  достыққа  құралған берік көпір екенін нақты айтты. Осы сөзден ақ біздің тараптың ұстанымын анғаруға болатындай.

Сауда-саттық, шекаралық байланыс та пысықталды. Қазақстанның 8 облысы Ресеймен іргелеседі. Бұл 7 мыңнан аса шақырым жер. Қазір арадағы алыс-беріс айтарлықтай ұлғайған. Одан әрі қарай да қос тараптың қатынасын нығайтудың нақты тетіктері талқыланды.  Бұл тұста екі елдің мүддесі тең қорғалған құжаттармен, оларды ратификациялау өте маңызды. 

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздер жақын арада үлкен заңды ратификацияладық. Ресей қазір біздің Қазақстан арқылы Қытай жаққа газын, мұнайын өткізуге мүдделі. Біздің де мүддеміз бар, біз де Каспий арқылы біздер Европа жағына өзіміздің газымыз бен мұнайымызды жіберіп жатырмыз. Екі жақтың мүддесі сол. Сосын өзіңіз білесіз былтыр үлкен, жақсы ауыл шаруашылығы өнім алды. Енді болып жатқан өздерінің еліндегі жағдайға байланысты ежелгі, бұрынғы сатып жүрген нарықтарын жабылып қалғанына қарай, олар қазір өздерінің бағыттарын өзгертіп жатыр. Соның ішінде жанағы айтылған Қытай, Персия, Сауд Арабия жақтары олардың барлығы біздің Қазақстан арқылы өтеді.

Келелі кеңесте екі ел арасындағы білім беру ісі де сөз болды. Қазір 60 мыңнан аса қазақстандық студент Ресей университеттерінде оқып жатыр. Ал бұл бағыт бойынша да байланыс беки түседі. 

Шернияз Жалғасбекұлы, Қанат Маханов