Тоқаев депутат пен журналистердің жұмысы жайлы айтты
«Жалпы, депутат пен журналист қызметі бірі-бірімен тығыз байланысып жатыр».
Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсіміндегі сөзінде осындай ой айтты.
Екеуі де ел мүддесін қорғайды. Халық сенімін арқалап, оған мүлтіксіз қызмет етеді. Қазір депутаттар корпусы мен масс-медиа өкілдері үйлесімді жұмыс істеуде. Журналистер қауымы ұлттық парламентаризмді дамытуға қашанда зор үлес қосып келеді. Қазіргі депутаттар құрамында ақпарат саласының өкілдері жеткілікті. Атап айтқанда, Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Сергей Пономарев, Жанарбек Әшімжан, Бибігүл Жексенбай, Айгүл Қапбарова секілді әріптестеріңіз көпшілікке белгілі. Ұлт мүддесін қорғап жүрген журналистердің Парламент төрінде отыруы – заңдылық, – деді ол.
Айтпақшы, Президент Әкімшілігінде де әріптестеріңіз аз емес. Олар өз кәсіби ортасына қолдау білдіріп, бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдар арасында алтын көпір қызметін атқарады.
Жаңа ақпараттық дәуірге қадам бастық. Осы орайда мемлекеттік басқару жүйесі сөз білетін, тиімді әрі жан-жақты қарым-қатынас орната алатын адамдарға зәру. Сондықтан өз мансабын мемлекеттік қызметпен байланыстырған немесе байланыстыруды жоспарлап жүрген әріптестеріңіз осы салада да өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады, – деді Тоқаев.
Ол елімізді түбегейлі жаңғырту үшін заңнамалық өзгерістермен, кадрлық шешімдермен, саяси және экономикалық реформалармен ғана шектелу аздық ететінін ұдайы айтып келе жатқанын атап өтті.
Біз прогрессивті ұлт ретінде қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін жаңарту үшін көп тер төгуіміз керек. Бүгінде отандық журналистика мықты қоғамдық институтқа, нағыз төртінші билікке айналды. Бұл саланың осынау маңызды іске қосар үлесі зор. Журналистердің алдында тұрған міндеттердің ауқымы – өте кең, – деді Мемлекет басшысы.