Елордаға Ердоған келе жатыр
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне бақылаушы елдер мен диалог бойынша серіктес мемлекеттердің басшылары да қатысады деп жоспарланып отыр.
Солардың бірі – Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған.
Иә, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның шілде айындағы шетелге жасайтын сапары белгілі болды.
Түрік ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, туыстас елдің мемлекет басшысы Қазақстан, Әзірбайжан, Америка және Солтүстік Кипр Түрік Республикасына сапарлай барып, ШЫҰ, ТМҰ және НАТО саммитіне қатысады.
Алғашқы сапары Астанаға. Елордада Ердоған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің мемлекет және үкімет басшылары саммитіне бой көрсетеді.
Түркия сыртқы істер министрінің сөзінше, Ердоған саммит аясында өзге ел басшыларымен кездесуі жоспарланған. Жалпы Түркия Шанхай ынтымақтастық ұйымының 14 диалог серіктесінің бірі. Диалог бойынша серіктестік, Түркия мен ШЫҰ арасындағы әртүрлі мәселелер, әсіресе аймақтық қауіпсіздік, терроризммен күрес, есірткі бизнесі мен ұйымдасқан қылмыстың алдын алу, сондай-ақ экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Түркия үшін ұйымның маңыздығын мамандардан сұрап көрген едік.
Фатих Кожаоғлұ, доктор, саясаттанушы:
- Әлемде болып жатқан жаһандық өзгерістерге бәріміз куә болып отырмыз. Бірқатар өңірлерде қақтығыстар жалғасуда. Бұл шиеленістердің нәтижесіне жаңа әлемдік геосаяси және экономикалық баланс қалыптасады. Түркия және түркі дүниесі бұл қақтығыстардың тараптары емес. Десе де, жаңа геосаясатта бейбітшілікке үлес қоса алады. Осы тұрғыдан, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, БРИКС, «G7» секілді халықаралық ұйымдармен диалогта болуды маңызды деп есептеймін.
Эльнур Хасан Микайл, халықаралық қатынастар профессоры:
- Шанхай ынтымақтастық ұйымы түркі әлемі тұрғысынан маңызды. Түркия, халықаралық ұйымның диалог серіктесі. Түркия, мүше болуы басқа да бауырлас мемлекеттермен бір ұйымда болуын білдіреді. Әрине, пайдасы зор. Десе де, мүше болуын мемлекет басшыларымыз шешеді.
Былтыр Самарханда өткен саммитте Ердоған Түркияның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болғысы келетінін мәлімдеген болатын.
Меруерт Қанағат, 24.KZ, Түркия