Елорда саммитке сақадай сай

Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің өтуіне санаулы күндер қалды.

Осыған байланысты елордада барлық жағынан дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қонақүйлер мен мейрамханалар қадірлі меймандарын жоғары деңгейде қарсы алуға сақадай сай болса, құрылысшылар орталық алаңдарды абаттандырып, Тәуелсіздік сарайының қасбетін жаңартып қойды.

Еуразия құрлығының дамушы елдерін көрші алпауыттармен экономикалық һәм саяси тұрғыда ұйыстырған Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті Астанада шілденің 3-4 күндері Тәуелсіздік сарайында өтеді. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Келесі аптада басталатын халықаралық жиынның маңыздылығынан қарапайым жұмысшылар да хабардар.

БЛИЦ:

  1. - Не болатынын білесіз ғой? Не болады? – Саммит болады.
  1. - ШЫҰ. Соған дайындық. Топырақты жайып жүрміз. Қазір ана жерде бәрі қарбалас болып жатыр.
  2. Іс-шара өтеді. Иә, бір жарым жыл болды осы жерде істеп жүргенімізге.

Астана орталығында бесжұлдызды саналатын 4-5 қонақүй бар. Біразы бір-біріне жақын орналасқан. Әр елден келген шетелдік делегация өкілдеріне бұл өте қолайлы, дейді мамандар. Өйткені ресми шаралардан тыс уақытта қаланың әсем жерлерін жақыннан көруге керемет мүмкіндік болады.

Айгерім Төреханова, қонақүйдің сату бөлімі менеджері:

- Саммитке дайындалу аясында біздің қонақүй бірнеше іс-шара өткізуде. Оның арасында қауіпсіздік бар. Мемлекеттердің басшыларын қарсы алуға және олардың жайлы әрі қауіпсіз қонақүйде тұруына біздің қонақүй үлесін қосуға дайын.

Жоғары лауазымды тұлғаларға арналған люкс санатындағы орындар жетерлік. Мәселен, бұл номерлер президенттік және корольдік деп аталады. Ішінде жайлы бірнеше бөлмесі бар.

Қонаев көшесіндегі бұл бесжұлдызды қонақүйге бірқатар шетелдік делегация мүшелері кешелі бері жайғасып жатыр. Осыған байланысты құрметті меймандардың ас талғамына ерекше ден қойылмақ. Олардың көңілінен шығу үшін түрлі елдің ас мәзірі ұсынылады. Мұндағы бас аспаз түрік ұлтынан болса да, қазақтың ұлттық тағамына баса мән беріледі. Өйткені келушілер тарапынан сұраныс жоғары.

Бас аспаз Эдиз Эсмер бұдан бұрын 4 мемлекетте жұмыс істеген. Салада жүргеніне 14 жыл. Қонақүйге келген әр шетелдік мейман бірінші кезекте ішкі мейрамханадан дәм татады. Ұнаса, ұдайы келеді. Әрбір аспаз үшін бұл өзіне берілген жоғары баға іспетті, дейді. Мәселен, осы ас бөлмеде санаулы минуттар ішінде тағамның түр-түрін әзірлейді. Майлы, майсыз, диеталық, тіпті теңіз өнімдеріне дейін бар. Қарбалас сәтте, қол қусырып тұрған ешкімді көрмейсіз.

Эдиз Эсмер, бас аспаз:

– Соңғы рет түркиялық делегация өкілдеріне ас әзірледік. Қонақтарға өздерінің сұрауы бойынша көбіне балық өнімдерін ұсындық. Оның алдында ресейлік делегация өкілдеріне де қызмет көрсеткенбіз. Оларға Жерорта теңізімен шектесетін елдердің мәзірін бердік. Мейрамханамызға келген көп шетелдік қазақтың ұлттық тағамына да қызығады. Себебі олар үшін жергілікті астан ауыз тию аса маңызды. Дәмі тіл үйірер тамақтарды командамдағы қазақ аспаздар жасайды.

Саммитке Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет ретінде алғаш рет ирандық делегация да қатысуы мүмкін. Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Али Акбар Джоукар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа жоғары баға береді.

Али Акбар Джоукар, Иран ислам республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саммит қарсаңындағы маңызды ролін айтпасқа болмайды. Өйткені мемлекет басшысы Иран мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың тек нығая бергенін қолдайды. Осы сәтті пайдаланып, Қазақстан басшылығын Шанхай ынтымақтастық ұйымына 2023 жылдың шілдесі мен 2024 жылдың маусымы аралығында жасаған төрағалығын сәтті атқарғанына орай құттықтағым келеді. Әр жиынның ұйымдастырушылық деңгейі жоғары болды. Алдағы саммит те ойдағыдай өтеді деген сенімдемін.

Естеріңізге сала кетейік, Иран Ислам Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүшелігі былтыр шілде айында бекітілді. Осылайша, Иранмен бірге, қазір Үндістан, Пәкістан, Қытай, Ресей және Орталық Азияның 4 мемлекеті ұйымға мүше. Атап айтсақ, олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан Республикалары.

Мирлан Алтынбек, Марат Диханбаев, Мерей Талап, Дмитрий Николаев, 24.KZ, Астана.