Парламент қос палатасының жұмысы қорытындыланды

Парламенттің қос палатасы өз жұмысын қорытындылады.

Сессия басталғалы депутаттар 102 заң қабылдап, 800-ге жуық елдімекенді аралады, халықпен 2000-ға жуық кездесу өткізді. Алайда кейбір заңдарды қабылдауда депутаттар ықпалды топтардың қарсылығына тап болды. Кейде тіпті «шикі» күйде келетін заңдарды өздеріне жазуға тура келіпті. Бірақ халықтың мүддесі басты орынға қойылып, әділетті қоғамның негізі қалыптасты.

Әділетті қоғам құруға бейілділік сапалы заңдарға деген сұранысты арттырды. Сондықтан Парламент халықтың тамырын тап басып, түйткілді мәселелердің түйіні тарқайтын алаңға айналды. Осы сессияда депутаттар мойын бұрған мәселенің бірі – елдің энергетика саласындағы проблемалар болды. Бірнеше айға созылған депутаттар мен олигополияның арасындағы айқас, Мәжіліс депутаттарының пайдасына шешілді. Жаңа заң монополистерді тарифтен түскен қаражатты инфрақұрылымды жаңғыртуға, салаға инвестиция  құюға міндеттейді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
-
Өңірлерде жабдықтардың 80 пайыздан астамы тозған. Парламент қабылдаған жылу энергетикасы туралы заң аталған саладағы жағдайды біршама жақсарта түспек. Осылайша, біз жылумен жабдықтаудың барлық кезеңі бойынша – өндірістен бастап тұтынушыға қызмет көрсетуге дейін заң жүзінде жауапкершілік енгіздік.

Парламент мемлекеттік сатып алу жүйесінің дамуын тежеп, отандық бизнеске кедергі келтіріп отырған кемшіліктерді жойды. Бұл жүйедегі жемқорлықты азайтып, қоғамдық бақылауды күшейте түседі.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
-
Мемлекет басшысы бүкіл мемлекеттік сатыпалым жүйесін реформалау қажет екенін бірнеше рет айтқан болатын. Қабылданған Мемлекеттік сатып алу туралы заң сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады. Ол мемлекеттік сатып алымның ашықтығын, бағадан басым болуын қамтамасыз етеді.

Елімізде 400 мыңға жуық азамат құмар ойынның құрығына түскен. Олардың дені – жастар. Бұл әлеуметтік індетпен күресте депутаттар үнсіз қалмады. Заңды қабылдауға қарсылық танытуға тырысқан ықпалды топтар болса да, депутаттар букмекерлік кеңселер мен казиноларға қойылатын талаптарды қатайтты. Сол сияқты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында заң күшейтілді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
-
Депутаттар бастама көтеріп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған түзетулер әзірледі. Азаматтарымыздың резонанс тудырған қылмыстарға реакциясы, қоғамдағы зорлық-зомбылыққа төзбеуі бізді осы саладағы заңнаманы едәуір қатайтуға итермеледі.

Осы сессияда депутаттар масс-медиа туралы заң қабылдады. Күні кеше Президентіміз бұл заң журналистердің мүддесі мен құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтетінін атап өтті. Жаңа заң отандық масс-медиа саласының дамуына тың серпін берері сөзсіз.

Бибигүл Жексенбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-
Саяси реформалардағы ең ірі жетістіктің бірі – пікір алуандығының қоғамда қалыптасуы деп айтуға болады. Жасыратыны жоқ, біздің БАҚ-тарда жылдар бойы біржақты пікірлер айтылғаны рас.

Депутаттардың көңілінен шыға бермейтін мәселелер де бар. Кейбір заң жобалары Парламентке мүлде «шикі» күйде келіп түседі. Депутаттар оны тіпті қайта жазып шығуға мәжбүр. Мемлекеттік органдардың депутаттық сауалдарға беретін жауабы да үстірт дейді халық қалаулылары.

Жанарбек Әшімжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біздің депутаттардың жолдаған сауалдарының 70-80 пайызына, жаңа біздің төраға да оны атап өтті, кеше Үкіметпен кездесуде де айттық, жалпы көбіне сыдыртпа жол-жөнекей жауаптар келіп жатыр. Бұған Премьер-Министрден бастап, Үкімет мүшелері алдағы уақытта түбегейлі айналысамыз деген уәде берді.

Қыруар жұмыс атқарылғанымен, алда қауырт шаруалар әлі де көп. Мұның барлығы халық үніне құлақ аса жүзеге асырылады.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-
Қазақстан қоғамы өзіне қажетті ең маңызды деген шешімдерді өзі шешуі керек деген принцип. Ұзақ жылдар бойы біз референдумдар өткізбеген болатынбыз. Енді міне атом станциясына қатысты шешім қабылдайын деп отырмыз. Бұл шешімді халық өз жүрегімен қабылдауы керек сияқты.

Парламент депутаттары каникулға кетті. Демалыстан оралған соң депутаттық корпус енді Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстері бойынша жұмыс істейтін болады

Авторлары: Қуандық Танабас, Марат Диқанбаев