ШЫҰ Бас хатшысы: Астанада аса маңызды шешімдер қабылданады

Астанадағы саммитте аса маңызды шешімдер қабылданады. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин арнамызға берген сұхбатында осылай деді.

Қазіргі геосаяси ахуалдың құбылмалылығын тілге тиек еткен саясаткер дамуға бағытталған елеулі өзгерістердің өте қажет екенін меңзеді. Энергетикалық және экологиялық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмайтынын хабарлап, бірігіп әрекет етудің қажеттілігіне тоқталды.

Чжан Мин, ШЫҰ Бас хатшысы:

- Соңғы 23 жылда ұйым тұрақты дамып келеді. Әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы үздіксіз трансформацияны талап етеді. 2022 жылы Самарқандтағы саммитте өзгерістердің қажет екенін айтқан едік. Енді сол өзгерістерге бастайтын келелі шешімдерді ертеңгі Астана саммитінде талқылағалы отырмыз. Ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрліктері тарапынан ұсыныстар пакеті беріледі. Ертең сол ұсыныстарға байланысты мемлекет басшылары қажетті шешімдер қабылдайды. Бұл ұйымымыздың болашақ бағдарын айқындамақ. Осы орайда әр мүше мемлекеттің жеке мүддесі мен қауіпсіздік мәселесі есепке алынады. Ұйымның қызмет аясы кеңейіп, жаңа органдар пайда болады.