Беларусь ШЫҰ-ға мүше болды
Беларусь мемлекеті – Шынхай Ынтымақтастық ұйымының толыққанды мүшесі атанды.
Саммит аясында арнамызға сұхбат берген Беларусь Сыртқы істер министрі Максим Рыженков: Беларусь осыған дейін дәстүрлі түрде Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында ұйымдастырылып жатқан барлық іс-шараларға байқаушы ретінде қатысып келді. Ал бүгін Президентіміз алғаш рет осы ұйымның тең құқылы мүшесі ретінде сөз сөйлейді, -деді.
Айтуынша, бұл қадам жоғары қарқынмен дамып келе жатқан ұйымдағы Беларусь елінің позициясын жақсарта түспек. Спикердің пікірінше, Шанхай ынтымақтастық ұйымы – кең ауқымды мәселелерді, әскери-саяси сұрақтардан бастап, экономиканың нақты бағыттары мен мәдениет және әлеуметтік салаларды дамыту жайын талқылап, шешім шығаруға мүмкіндік беретін өте жақсы алаң.
Максим Рыженков, Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі:
- Ұйымға мүше болуымызды рәсімдеу шарасы біздің өте жақын достарымыз – Қазақстан тарапының төрағалығы кезінде болып жатқанына қуаныштымыз. Осы ұйымға Беларусь энергиясының қуатын беру үшін барымызды саламыз. Әрине, бізді қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейту, көлік дәліздерін дамыту, сауда-экономикалық серіктестік мәселелері қызықтырады. Сол секілді, саяси-дипломатиялық қарым-қатынастарды айтуға болады.