Ресей басылымдары саммит жайлы жарыса жазып жатыр
Астанада өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті Ресей баспасөзіндегі басты тақырыптың бірі болып тұр.
Іргелес елдің бұқаралық ақпарат құралдары қазақ жеріндегі кездесудің маңызы мен ұйымның болашағы туралы пікірлерімен бөлісіп, саммит аясындағы келіссөздер туралы жарыса жазып жатыр.
Шынымен бұл күндері ресейлік саясаттанушылар мен журналистердің назары жаһан жұрты көз тіккен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде. 16 мемлекет пен халықаралық ұйым басшылары жиналған шарадан шыққан әрбір жаңалыққа көрші елдің ықпалды баспасөз құралдары ерекше ден қойып, жан жақты талқылап жатыр.
Ресейлік сарапшылар Қазақстан мен Ресей президенттерінің екіжақты кездесуіне ерекше көңіл бөлді. Қос тарап арасындағы тауар айналымы артып келеді. Ол шамамен 30 миллиард долларға жетті. Іргелес елдің мамандары Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты жоғары бағалап, әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол екенін тілге тиек етті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Владимир Путинді биылғы жылдың қараша айында Қазақстанға тағы да мемлекетік сапармен шақыруы әріптестіктің көкжиегі кеңейгенін аңғартады. Әрине, бұл Ресейдің алпауыт бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалған жоқ. Дәл осы күндері еңселі елордамызда өтіп жатқан саммит туралы ресейлік сарапшылардың пікірі жоғары.
Басты себеп – жауласып, жаға жыртысқандарды елдестіруде елеулі орын алған еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткенде де жұмысты ілгерілетті дейді олар. Ұйымның халықаралық мәртебесі артып келе жатыр. Бұған Қазақстанның ұйым төрағасы ретіндегі бастамалары зор үлесін қосты деп санайды саясаттанушылар. Политолог Константин Калачевтың осы туралы пікірін тыңдайық.
Константин Калачёв, "Саяси сарапшылар тобының" басшысы:
- Қазақстанның төрағалығы өте табысты болды деп ойлаймын. Саммит жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ең бастысы, Қазақстанның басқаруы кезінде ШЫҰ кеңейді. Беларусь оған кіруге ниет білдірді. Бұл ШЫҰ-ның 10-шы мүшесі. Ұйымға басқа да елдер кіргісі келіп отыр. Бірақ бұл маңызды емес. Бастысы сан емес, сапа. Жалпы Астана төрағалық кезінде өзінің айтарлықтай бітімгерлік әлеуетін танытты.
Әрине, жергілікті сарапшылар үшін Қытаймен ынтымақтастық тақырыбы маңызды. Саммит аясында Владимир Путин төраға Си Цзиньпинмен кездесті. Мәскеу Қытайды Үлкен Еуразиядағы қауіпсіздік кепілі деп санайды. Және олар Бейжің де, Мәскеу де Еуразиялық қауіпсіздіктің ортақ және бөлінбейтіндігі туралы тұжырымдаманы қолдайтынын баса айтады. Жалпы, ресейлік саясаттанушылар Си Цзиньпинның Астанаға мемлекеттік сапарын аса маңызды тарихи оқиға деп атады. Алғаш рет Ұйымның саммиті кеңейтілген форматта өтіп жатқаны да маңызды. Беларусьтің мүше ретінде ұйымға кіруін Ресей қуана қарсы алды. Жалпы сарапшылар мен саясаткерлер Астана декларациясының қабылданатынына ерекше мән беріп отыр.
Жергілікті БАҚ-тар Ресей президентінің көмекшісіне сілтеме жасап, саммит аясында 24 құжат қабылданады деп жазды және бұл Астанадағы қарқынды дайындық жұмыстарының арқасында мүмкін болды деп атап өтті.
Дана Нұржан, 24.KZ