ШЫҰ саммиті – көпжақтылық символы
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Астана саммиті Еуразиядағы дамушы елдердің арасында экономикалық көпжақты байланысты күшейтетін тиімді алаңға айналғанын көрсетті.
Сондай-ақ Қазақстан төрінде ғаламдық және аймақтық бейбітшілікке үндейтін маңызды мәлімдемелер жасалды. Бұл – шетелдік көшбасшылар мен сарапшылар түйіні. Астана төрінде өткен айтулы шара жайлы тағы қандай пікірлер айтылуда?
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Астана саммиті – көпжақтылық символына, әр алуан, бірақ бір арнаға тоғысқан ой қазанына айналды. Әсіресе сыртқы саясаттағы сан түрлі басымдықтар бойынша ашық пікірталас өрбіп, жемісті жұмыс жүргізілді. Бұл – Иранның Қазақстандағы елшісі Әли Акбар Джоукар мырзаның пікірі.
Әли Акбар Джоукар, Иранның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Біз толыққанды мүше ретінде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының сессиясына алғаш рет қатысып отырмыз. Астанада әлемдік деңгейде өте ауқымды іс-шара өтті. Бұл саммитке негізі президентіміз келуі керек еді, бірақ өкінішке қарай, әуе апатына қатысты жағдайды білесіздер. Астана саммиті – көпжақтылық символы. Бұл жерде әлем халқының 40 пайызының өкілдері бас қосып, сыртқы саясат мәселелерін талқылады.
Астана саммитінде сөз алған түрік президенті Режеп Тайип Ердоған "Израильді Газа секторындағы оқ атуды тоқтатуға мәжбүрлеу керек" деп мәлімдеді. Анадолы елі – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымында диалог бойынша әріптес мәртебесіндегі мемлекет.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:
- Газа секторын талқандауды тоқтату үшін Израильді атысты біржола доғаруға мәжбүрлеу қажет. Израиль басшыларына қысымды күшейте берген дұрыс. Біздің мақсатымыз – адами құндылықтарға негізделген кәсіпкерлік дипломатиясын ұстанатын бейбітшілік белдеуін құру.
Халықаралық сарапшылар "Астана саммиті – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы үшін кеңею мен тығыз әріптестіктің жаңа дәуірін бастап берді" деп бағалайды.
Ернат Мелсұлы, 24.KZ