М. Әшімбаев Ресейде БРИКС форумына қатысты

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Санкт-Петербургте өтіп жатқан X БРИКС Парламенттік форумына қатысты.

Екі күнге жалғасатын жиында халықаралық жүйенің тиімділігін арттыру, көпжақты сауда-саттықты нығайту және жаһандық дағдарыстардың салдарымен күресте заң шығарушы органдардың рөлі қарастырылады. Сонымен қатар гуманитарлық және мәдени салаларда парламентаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланады.

Мәулен Әшімбаев бұл Форум әлем елеулі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырған кезеңде өтіп жатқанына назар аударды. Экономикалық және климаттық дағдарыстардың салдарынан геосаяси шиеленіс одан әрі ушығып тұрған кезде текетіресті азайту және әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін тиімді шешімдер табу маңызды екенін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қасаң дүниетаным стереотиптерінен арылып, ашықтық пен сындарлы ынтымақтастықты нығайту қажеттігін үнемі айтып келеді. Қазақстан қауіпсіз және теңгерімді әлем құру үшін тың тәсілдер ұсынатын БРИКС сияқты халықаралық ұйымдармен серіктестікті одан әрі арттыруды қолдайды. Бұл ұстаным еліміздің халықаралық және өңірлік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған саясатымен үндес.

Сенат спикері Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуде парламентаралық өзара іс-қимыл маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етті. Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі арттыру үшін Қазақстанда Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия құрылғанын айтты. Орнықты даму бағытында парламентаралық диалог орнату үшін арнайы платформа құруды ұсынды. Сонымен қатар ғылым, жаңа технологиялар мен цифрлық салада ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін баса айтты.

Дана Нұржан, тілші:

- Парламентаралық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі азық-түлік қауіпсіздігі. Бүгінгі құбылмалы геосаяси және жаһандық климаттық өзгерістер жағдайында бұл саланың маңызы артып отыр. Қазіргі таңда БРИКС елдерінің ауылшаруашылық саласындағы ортақ әлеуеті жалпы әлемдік мүмкіндіктің жартысынан асады. ТМД елдері, оның ішінде Қазақстан да маңызды агроиндустриялық әлеуетке ие. Бүгінде әлемде азық-түліктің тұрақты және болжамды бағасы, логистикалық тізбектердің қауіпсіздігі, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану жолында инновацияны енгізу аса маңызды деді Сенат төрағасы. 

Форум аясында Мәулен Әшімбаев Өзбекстан және ирандық әріптестерімен екі жақты кездесулер өткізіп, ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады.

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров