Конго Республикасының президенті Астанаға келді
Көк байрағымыздың жанына жайғасқан мына жалаулар бұл күндері Астана тұрғындары мен қала қонақтарының назарына іліккені рас.
Әлбетте, жолаушылар елімізге кезекті меймандардың келе жатқанын жақсы біледі. Үйреніп қалған.
Иә, бүгін Астанаға Конго Республикасының президенті ресми сапармен келді.
Тарихы тереңде жатқан бұл мемлекет – Африкадағы мұнай өндіруші үш елдің бірі. Мұнда күн сайын 300 мың тонна қара алтын баррелі өндіріледі. Біздің елде де аталған нарықтың үлесі айтарлықтай. 25 жылдық дипломатиялық қатынасы бар Қазақстан мен Конгоны тағы не байланыстырады?
Дәуір Шығанбаев, ҚР СІМ жанындағы «Qaztrade» компаниясының халықаралық нарықтарды саралау департаменті директорының орынбасары:
- Конго мен Қазақстан арасы өте қашық. Логистикалық мәселелерге байланысты екі ел арасындағы сауда байланысы дами қойған жоқ. Әзірге қара металлдан ұсақ бұрауыштарды экспорттап отырмыз. Электр трансформаторларына да сұраныс бар. Яғни, өңделген тауарларды жөнелтеміз. Ал импорт 15 мың доллардан 0-ге дейін қысқарды. Бұған дейін орманға қажет жабдықтарды алып келдік.
Жыл басынан бері ауыз толтырып айтарлықтай алыс-беріс болмаған. Десе де, былтырғы көрсеткіш іліп аларлық. Қазақ-конго тауар айналымы 14,7 мың долларға жетті. Өнімнің басым бөлігі бізден жөнелтілген. Оның жалпы құны 14 жарым мың доллар, ал импорт 0,2 мың доллар шамасында.
Екі елдің тауар айналымы:
2022 – $15,5 мың
экспорт – $0,7 мың
импорт – $14,8 мың
2023 – $14,7 мың
экспорт – $14,5 мың
импорт – $0,2 мың
Мурад Шамилов, саясаттанушы:
- Конго президенті елімізге алғаш рет табан тіреді. Әрине, тараптар әрі қарайғы байланысты пысықтай түседі. Африка құрлығының елдерімен ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы саяси тұжырымдамасының маңызды бағыты болып табылады. Былтыр ғана президенттер БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференциясы аясында кездесті.
Дәл осы жүздесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Конго Республикасының президентін елімізге шақырды. Дубайдағы СОР-28 форумы қос елдің ортақ мүдделерін айқындағандай.
Оның үстіне өткен айда ғана Конго президентінің ресми өкілі Франсуаза Жоли Астанаға келіп, Мемлекет басшысымен және бірқатар мемлекеттік орган жетекшілерімен кездесіп, күн тәртібін пысықтап кеткен еді.
Бұл сапарды саралайтын болсақ, тау-кен өндірісі, мұнай-газ және орман, ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтастықты ілгерілетуге мүмкіндік бар.
Мурад Шамилов, саясаттанушы:
- Елдер арасындағы көліктік-логистикалық әлеует мәселелерін талқылау және дамыту жоспары бар. Әрине, сауда-экономикалық қатынас көлемді мүмкіндіктерге сәйкес келмейтіні анық. Алайда, әлеует бар және оны жүзеге асыруға, тіпті дамытуға болады. Шарттық-құқықтық базаны кеңейтуді де қарастыру қажет.
Қос елдің инвесторлары етене байланыс орнатуы мүмкін. Сарапшылар бұған күмән келтірмейді. Себебі дамыту қажет ортақ экономикалық бағыттар көп. Елімізге жасаған алғашқы сапарында Конго басшысымен бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылмақ. Ресми сапар екі күнге жалғасады.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Қали Несіпбаев