Елордада Әлішер Науаи ескерткіші салтанатты түрде ашылды

https://t.me/aqorda_resmi

Елордада түркі жұртының ұлы ақыны, көрнекті ойшыл Әлішер Науаи ескерткіші ашылды, деп хабарлайды 24KZ.

Салтанатты рәсімге Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев қатысып, қос елдің ортақ құндылығы төңірегінде ойларын бөлісті. Жиында зиялы қауым өкілдері де бой көрсетті.

Қазақ пен өзбек – ағайыны бауырлас, тарихы тамырлас халық. Екі елдің ежелден еншісі бөлінбеген, содан тілі мен ділі де ұқсас. Міне, осы қос жұрттың зиялылары түс ауа Астана орталығындағы жаңа ескерткіштің жанында бас қосты. Салқын самал ескен саябақ іші достық мамыражай күйге бөленді.

Тұғырлы мүсіннің «Достық» көшесінің бойында орналасуы да бекер емес. Мұны бауырлас халық та жылы қабылдап, лебізін білдірді. Ал тастұғырды екі елдің басшылары бірге ашты.

Әлішер Науаи – Түркі халықтарына ортақ ұлы ақын, ойшыл әрі  мемлекеттік қайраткер. Хакім Абай оны ұстаз ретінде таныды. Ал ғалымдарымыз еңбектерін терең зерттеді. Салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы бауырластық байланыстың өзіндік дәстүрі қалыптасқанын еске салып, бұл ретте Әлішер Науаидың алатын орны ерекше екенін атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елорда төрінде ұлы ақын, көрнекті ойшыл Әлішер Науаидың еңселі ескерткішінің бой көтеруі, ең алдымен, қазақ жұртының өзбек халқына деген ерекше ықыласының белгісі. Мұхтар Әуезов: «Әлішер Науаи жалғыз өзбек әдебиетінің көлемінде қалған жоқ. Бертін келе Азиядағы, Шығыстағы көп елдің әдебиетіне әсер етті», – деген. Біз ұлы ақынның мұрасын күллі түркі жұртының рухани қазынасы деп санаймыз.

Түркі әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, оны әлемдік деңгейге көтерген тұлғаның туындыларын қазақтың қайраткерлері жоғары бағалаған. Президент осылай деп екі елдің әдеби һәм мәдени байланысына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлішер Науаидың өзіне тән қолтаңбасы, ойының тереңдігі және көркемдік шеберлігі күллі әлем ақындары мен жазушыларына шабыт сыйлады. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Науаи соңында әдеби ғана емес, бай философиялық мұра қалдырды. Оның гуманистік идеялары әлемнің ақыл-ой қазынасында ерекше орын алады.

Қазақ пен өзбек қатынасы Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қарқын ала түсті. Бұл іске ортақ ойшылдарымыздың қосқан үлесі мол. Сол үшін зиялы қауым мұндай игі бастамаға дем беруді құптап отыр.

Дихан Қамзабекұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры:

- Әр ұлттың бетке ұстар ғұламалары бар. Біз Абай дейміз, өзбек Науаи дейді, түрікмен Мақтанқұл дейді. Тәуелсіздігіміз айқындалып, бір-бірімізге сенім артқан кезеңде бұл тұлғалар жаңа қырынан ашылу керек. Себебі олар классик саналады, ал классиктер – сарқылмайтын кәусәр бұлақ.

Ал Өзбекстан басшысы Қазақстан жұртына алғыс айтып, туысқан халықпыз деді. Оған қоса мұны қастер тұтанын жеткізді. Тұғыры биік тұлғаның еңбегін қазақ ғалымдары зерттегенін ерекше атап өтті.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:

- Қазақтың көрнекті ақыны, марқұм Несіпбек Айтұлы 2020 жылы Әлішер Науаидың ең басты еңбегі «Хамсаны» қазақ тіліне аударып, жарыққа шығарғанын ерекше ықыласпен айтқым келеді. Ал бұл шығарманың алғысөзін Қазақстан Президентінің өзі жазғаны бізге зор қуаныш сыйлайды.

Бауырлас халық та құр алақан емес. Олар да түркілердің жазбасына үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде қазақ әдебиетіне басымдық беріп келеді.

Шухрат Сирожиддинов, Ә. Науаи атындағы өзбек тілі мен әдебиеті Ташкент мемлекеттік университетінің ректоры:

- Президент Шавкат Мирзиеевтің жарлығымен түркі әдебиеті жауһарының жүз томдығы жарық көрді. Оның 10 томы қазақ жазушылары мен ақындарына арналған. Бұл екі ұлт арасындағы әдеби, мәдени қарым-қатынастың тығыз екенін көрсетеді.

Ал мүсінді Өзбекстан суретшісі жасап шықты. Автор туындыға көркемдік ғана емес, терең мазмұн, оймақты ой салынғанын айтады.

Жасвант Анназаров, Өзбекстанның халық суретшісі, мүсінші:

- Бір жыл бұрын байқауға қатысып, жеңіп шықтым. Кемеңгер тұлғаның бейнесін ашық, ақжарқаын етіп сипаттадым. Мұнда ол өзінің досын қарсы алғалы жатыр. Бұл екі халық арасында әрқашан достық болғанын көрсетеді. Әрі қарай да байланысымыз беки түседі деген сенімдемін.

Тағылымға толы ғұмырын түркі жұртына арнаған кемеңгер тұлғаның тұғырлы ескерткіші түгел қоладан жасалған. Оның ұзындығы 8,5 метрге жетеді. Жалпы Әлішер Науаидың маңғаз мүсіне Токио, Вашингтон, Шанхай сынды ірі қалаларда бар еді. Міне, бүгін Астананың ортасынан да орын тапты.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ерлан Наурызбаев, ПТРК.