VI Консультативтік кездесу қорытындысы бойынша президенттер бірнеше құжатқа қол қойды

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша президенттер бірнеше құжатқа қол қойды.

Олардың қатарында бүгінгі жиынның қорытындысы бойынша мәлімдемесі, «Орталық Азия – 2040» аймақтық кооперацияны дамыту тұжырымдамасы, және мемлекеттер басшыларының «Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Миромонович Мирзиёевті Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Құрмет белгісімен марапаттау туралы» шешімі бар. Бірлескен мәлімдеме арқылы аймақтық ынтымақтастықты дамыту бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы және Орталық Азия мемлекеттерінің өндірістік кооперациясын дамыту бойынша 2025-2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары мақұлданды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы жиында 2027 жылға дейінгі Аймақтық ынтымақтасты дамытудың жол картасы бекітіледі. Бұл өзара ықпалдастық тетіктерін жетілдіру тұрғысынан айтулы оқиға болмақ. Аталған құжат үкіметтердің үйлесімді жұмысын жетілдіреді және осы алаңда ұсынылған бастамалардың орындалу барысына бақылауды күшейтеді. Бұған қоса «Орталық Азия – 2040» өңірлік кооперациясын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды құжатқа қол қойылады. Осы және өзге де шаралар халықтарымыздың игілігі жолындағы жан-жақты аймақтық ықпалдастыққа бәріміздің бейілді екенімізді көрсетеді.

Сонымен қатар кездесу аясында ресми делегация мүшелері де бірнеше құжатқа қол қойды. Нақты айтқанда Орталық Азия мемлекеттерінде көлік-логистикалық орталықтарын дамыту жөнінде өзара түсіністік туралы меморандум, мемлекеттердің энергетика министрлерінің бірінші кездесуінің қорытындысы бойынша коммюнике және көлік министрлерінің екінші кездесуінің Астана коммюникесі қолдау тапты.