Талдықорғаннан Үшаралға газ магистралі тартыла бастады
Жетісу облысында Талдықорғаннан Үшаралға қарай газ магистралі тартыла бастады.
Үш ауданды көгілдір отынмен қамтитын құрылыс Президент пәрменімен жүзеге асып жатыр. Ауқымды жоба барысымен премьер-министр Олжас Бектенов танысты. Үкімет басшысы шекара шебіндегі логистика, туризм саласында атқарылған ілкімді істерді көріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын бағамдады.
Талдықорғаннан Үшаралға дейінгі магистральді газ құбырының ұзындығы 302 шақырым. Ауқымды жоба аяқталғанда Ақсу, Сарқан, Алакөл ауданындағы 66 ауылға көгілдір отын жетеді. 120 мыңнан аса адам табиғи газ тұтынатын болады.
Санжар Жаркешов, "Qazaqgaz" ҰК АҚ Басқарма төрағасы:
- Қазіргі уақытта Жетісу өңірінің газдандыру деңгейі 47 пайызды құрайды. Қосқаннан кейін газдандыру көлемі 90 пайызға жетеді. Бұл өте үлкен жетістік. Өйткені, осы өңірге 2017 жылы ғана газ келген еді.
Құрылыс екі жылға жоспарланған. Бірақ сала басшылары құбыр тарту жұмыстарын мерзімінен бұрын келесі жылдың соңында бітіреміз деп үкімет басшысына есеп берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Әлеуметтік маңызы зор жоба. Сондықтан бәрін уақытылы сапалы жасау керек.
Жетісу облысында 500 ден астам өндірістік кәсіпорын бар. Солардың бірі де бірегейі аккумулятор зауыты. 1200 ден аса адам еңбек ететін нысанда былтыр 2 млн 700 мың дана тауар шығарған. Отандық өнім орта азия елдермен қатар Біріккен Араб әмірліктері, Ресей тіпті Қытайға да экспортталады. Ескі батареяларды қайта өңдеп, қалдықсыз өндірісті жолға қойған зауытта техникалар жаңартылып жатыр.
Бақытгүл Күдеринова, зауыттың қаржылық директоры:
- Құрастыру линиясын жаңарту бойынша өте үлкен жұмыс атқарылды. Қайта балқыту корпусы салынып жатыр. Бізге мемлекет тарапынан бірнеше бағытта көрсетіледі. Мәселен, экспортталған тауар шығыны өтеледі.
Жетісу - аграрлы аймақ. Елімізідегі жүгерінің 18, сояның 72 пайызы, тәтті түбірдің тең жартысы осы өңірде өсіріледі. Облыста ауыл шаруашылығы саласындағы ілкімді жобалар жетерлік. Бірақ өзекті мәселелер де бар. Әсіресе қант қызылшасына қатыстысы маңызды болып тұр.
Бұл жерде айта кететін өте үлкен мәселе өзімізде шыққан өнім. Біз өнімді ешқайда сата алмаймыз. Бүгінгі таңда екі зауытта 10 мың тоннадан астам өнім жатыр. Себебі баға себе стоймостьтан төмен.
Облыс орталығындағы сүт зауыты айына 2 мың тонна өнім шығарады. Толық автоматтандырылған кәсіпорын облыс орталығының 60 пайызын, алып шахар Алматының 35 процентін сүт өнімдерімен қамтамассыз етіп отыр. Кәсіпорындағылар жақында ғана жаңа желіні іске қосты.
Әмина Арынбекова, зауыттың өндіріс басшысы:
- Глазированный сырочки деген іске қосқан болатынбыз. Одан 17 тонна өндіреміз.
Үкімет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңадан салынып жатқан заманауи шекара бекетінің құрылысымен де танысты. Сонымен қатар контейнерларды түсіріп тиейтін терминалдардың әлеуетін бағамдады. Нұр жолына да атбасын бұрды. Айта кетейік, аймақ экономикасының 7 пайызын көлік-логистика саласы құрайды.
Заур Әлімжанов, Nur Zholy өткізу бекетінің басшысы:
- Қазіргі кезде тауароборот 1,2 млн тонн жылдық тауароборот өтіп жатыр. Қазіргі динамиканы қарайтын болсақ 30 процентке тауароборот көбейіп жатыр.
Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты тауар айналымы былтыр 30 процентке артып, 31 млрд доллардан асты. Алыс берісті арттыру үшін
«Достық-Мойынты» темір жолының екінші желісі салынып жатыр. Келесі жылы құрылысы бітсе, тасымалданатын тауар көлемі бес есеге көбейеді, деп жоспарланып отыр.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов