Қазақ-тәжік бауырластығы беки түсті

akorda.kz

Тәжікстанға мемлекеттік сапарының екінші күнінде Қ. Тоқаев әріптесі Эмомали Рахмонмен бірге ауыл шаруашылығы өнімдері мен ұлттық тағамдар көрмесін аралады, деп хабарлайды 24KZ.

Жалпы тәжік халқы ерекше қонақжай. Бүгінгі көрмеге де олар барынша ынты-ықыласымен дайындалған.

Қазақстан делегациясын Душанбедегі жәрмеңке осылай қарсы алды. Тәжік халқының ілтипатын айшықтайтын бұл экспозиция – студенттердің 2 күндік жұмысы. Мұндағы элементтердің барлығы – бау-бақша өнімдері.

Пирамида пішінінде тау болып үйілген қауын-қарбыз, жеміспен көмкерілген компизиялардың әсемдігімен жүзімдердің жұпар исінен тәжік халқының қонақжайлығы пен достық пейілін мұнда келген әр адам сезінеді. Көрмені аралаған қазақ Президентінің жүзінен оны аңғару қиын емес еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон ауыл шаруашылығы өнімдері мен ұлттық тағамдар көрмесін бірге аралады. Мемлекеттер басшыларына ұлттық тағамдар, соның ішінде аспаздар ерекше талғаммен әзірлеген палау түрлері, таба нандар мен күлшелер көрсетілді. Тәжік халқы өте қонақжай. Келген қонағына барын салады. Ал мұндағы дастарқанның көркі – бақша өнімдері. Оны дәл осылай әсемдеп тарту кез келген мейманның көңіліне жылылық береді. Ал қазіргі нарықтық алыс-беріс заманында бұл – керемет жарнама.

Шухрат Разоков, Тәжік ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы ветеринарлық институтының жетекші маманы:

- Ландшафт кескінінде бейнеленген мына қарбыздар, жүзімдер мен алманың барлығы – біздің мамандар шығарған жаңа сұрыптар. Мына экспозиция – отандық өнімдердің жаңа сұрыптарын шығарған ғылыми қызметкерлер мен ландшафт дизайнерлерінің бірлескен жұмысы. Соңғылары осындай әсемдеу жұмыстары арқылы тәжік өнімдерінің тартымдылығы мен өтімділігін арттыра түседі.

Айтпақшы, тау қылып қауын үйіп, жеміс-жидекті қалап, жүзімді төгілтіп қою – бұл маркетинг қана емес, жергілікті климат пен мұндағы жер емген жұрт үшін тарихи қалыптасқан тіршілік.

Махмадёрзода Усмон Маъмур, Шириншох Шотемур атындағы тәжік аграрлық универститетінің ректоры:

- Мұндағы көрмеге қойылған өнімдердің қай-қайсысын алсаңыз да, халқымыздың мәдениетімен, тұрмыс ерекшелігімен астасып жатыр. Мәселен, Пирамида пішінінде қауын-қарбыз қазір ғой сәндік үшін үйіледі, ал бұрын бабаларымыз өнімді осылай сақтаған. Себебі біздегі бау-бақшаның барлығы таулы жерде. Күндіз күн ысып, 40-қа дейін барса, кешке 20-15 градусқа дейін салқындап, жел шығады. Шошайтып үйілген өнім желдің өтінде бұзылмайды.

Тәжік халқының тұрмыс-тіршілігі диқаншылық, бағбандықпен біте қайнасқаны соншалық, елде қауын мерекесі бар. Бау-бақшада жиын-терін аяқталған соң халық болып тойлау – көнеден қалыптасқан дәстүр. Қауын мерекесі тамыздың 20-нан қыркүйекке дейін тойланады. Осы жексенбіде бүкіл ел жеміс-жидек пен көкөністің көрмесіне айналады.

Айтпақшы, бұл жер емген тәжік жұрты үшін жалғыз мереке емес. Көктемгі егіс науқанынан соң диқандар бас қосады. Наурыз – ұлттық мейрам. Жазда алғашқы өнімнен соң және күздегі ақырғы өнім алынғанда тойланады. Достық қатынастың діңгегі – мәдени байланыс. Қасым-Жомарт Тоқаев сапарын мына көрмедегі жемістерге балауға болады. Көпқырлы әрі жемісті. Ендеше екі елдің бизнесмендері қауышып, миллиондаған долларлардың келісімін жасаса, мәдениет, ғылым саласының өкілдері мен жастар бірін-бірі тапты. Үкімет делегациялары қол алысып, құжат алмасты, ал қос мемлекеттің басшылары Одақтастық қатынастар туралы тарихи құжатқа қол қойды. Қазақстан мен Тәжікстан халқының бауырластығы бекемделе түсті. Қазақ елінің басшысын тәжік лидері Эмомали Рахмонның өзі әуежайдан шығарып салды.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Әлібек Әлиев, Бақытбек Нұртай.