Тоқаев: Қазақстан билігінде ешқандай «фобия» жоқ, болмайды да

Тоқаев: Қазақстан билігінде ешқандай «фобия» жоқ, болмайды да

Бұл туралы Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ, бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған қоса, бізге белгілі кейбір теріс пиғылды адамдар, оның ішінде шетелде жүргендер де бар, мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келеді, елімізге орынсыз шүйлігеді.

Қазақстанның қоғамында да, билігінде де ешқандай «фобия» бұған дейін болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды. Сондықтан ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұндай жымысқы әрекеттерден түк шықпайтыны анық. Біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз. Біз – озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керек – деді Президент.

Ылғи да кейін қайырылып, өткенмен өмір сүруге, бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды.

Өз халқыңның тарихын білу керек, бірақ одан тек еңсеңді түсіріп, өзгеге өкпе артуға себеп іздемеу қажет. Қандай қасіретті болса да, өткен оқиғалардан, ең алдымен, тағылым ала білген жөн. Біз келешекке сеніммен көз тігіп, еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуын ойлауымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін. Тағы да қайталап айтамын: біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет. Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан бейбіт және теңгерімді сыртқы саясатты қатаң ұстанып келеді.

Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтарын қорғау, ұлттық мүдделерімізді ілгерілету, экономикаға инвестиция тарту – дипломаттарымыздың басты міндеті. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң ұстана отырып, көп жақты ынтымақтастық орнатуға қашанда дайын екенін паш етіп келеді. Еліміз халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық мәселелерін шешуге белсенді атсалысады. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың терроризмге, экстремизмге, заңсыз көші-қонға, климаттың өзгеруіне және өзге де қауіп-қатерлерге қарсы күресу жолындағы талпыныстарын құптаймыз – деді Тоқаев.

Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметін, қарусыздануға қатысты бастамаларын барынша қолдаймыз, қарулы қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз.

Астанада Қазақстаның төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының саммиттері сияқты бірқатар маңызды халықаралық іс-шара өтті. Бізге қолдау көрсеткені үшін одақтастарымыз бен серіктестерімізге шынайы ризашылығымызды білдіреміз – деді ол.