Ляньюньган Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті (ФОТО)

Ляньюньган Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті (ФОТО)

Қытайдың Ляньюньган өңірі елімізбен көлік-логистикадан бөлек қаржы, экономика, туризм салаларында да ынтымақтастықты дамытуға ниетті.

Әсіресе Ақтаудағы контейнерлік кластер мен Алматыдағы хабты салуға зор көңіл бөліп отыр. Мәселені тереңірек талқылау үшін Қытай тарапы алдағы уақытта Қазақстанға арнайы қаржы-экономикалық топ жібермекші.

Бұл туралы қала әкімшілігінің еліміздің бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде айтылды. Іс-шара Қытайдың Шет тілдеріндегі әдебиет пен баспаны тарату істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған сапар шеңберінде өтті.

Кездесуде қазақстандық журналистерге Ляньюньган портындағы Қытай-Қазақстан логистикалық ынтымақтастық базасының жұмысы таныстырылды. 2014 жылы «Бір белдеу - бір жол» бастамасының негізінде құрылған орталық қазір Еуразия құрлығындағы маңызды жүк тасымалдау базасына айналған.

Жапония, Оңтүстік Корея және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен Қазақстан мен Орталық Азияға қарай транзиттік жүктердің 85 пайызы осы терминал арқылы жеткізіледі. Басқаша айтқанда базадан біздің аймаққа айына 50-55 жүк пойызы жіберілсе, Орталық Азия елдерінен 20-25 жүк пойыз жөнелтіледі. Қазақстаннан Ланьюньганға ферроқорытпа, бидай, асбест, ұн және тағы басқа өнімдер экспортталады, ал Ляньюньганнан көлік, автобөлшектер, құрылыс материалдары және өзге де құрал-жабдықтар тасымалданады – дейді Ляньюньган қаласы Қытай-Қазақстан логистикалық халықаралық ынтымақтастық компаниясы бас директорының орынбасары Әзілхан Беделов.

 

Жалпы Ляньюньган портының аумағы 70 шаршы шақырым жерді алып жатыр. Қазір ол Еуразияда жүктерді құрлық арқылы тасымалдайтын басты жол. Ол Шығыс, Орта және Батыс деп аталатын 3 бөліктен тұрады.

Біріншісі Манджурия арқылы Ресейге қарай бағытталса, екіншісі Ішкі Моңғолиядан бірінші желіге қарай тартылған. Ал үшінші бағыт Алашанькоу-Хоргос арқылы Орталық және Батыс Азия елдерімен Еуропаға қарай созылады. Дерекке сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы жартысында порттан 345 мың контейнер жөнелтілген. Ал одан түскен кіріс 3 миллиард юаньнан асқан.

Қазір біздің портымыз шетелдегі қоймаларды дамытуға көңіл бөліп жатыр. Бұл осы бағыт арқылы жеткізілген жүктерді тиімді орналастырып, сақтау үшін қолға алынып отыр. Бүгінде ауылшаруашылық өнімдерін тарататын 4 халықаралық базамыз бар, - деді, Ляньюньган құрылысы бөлімінің басшысы Хы Канпын.

 

Қытай билігі порттың тиімді жұмыс істеуін одан әрі арттыру үшін инфрақұрылымдық желісін де кеңейтуге көшті. Осы ретте Ақтау контейнерлік кластеріне зор мән беріліп отыр.

Дәурен Ақашұлы, 24.KZ