Мемлекет басшысы Татарстан Раисы Рустам Миннихановты қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Астанаға келген Рустам Миннихановпен де кездесті, деп хабарлайды 24kz.

Президент осы халықаралық маңызды шараға арнайы келген Татарстан Раисына ризашылығын білдірді. Көшпенділер ойындарына Ресей құрамасының атынан көптеген спортшы қатысатынын, оның ішінде Татарстанның өкілдері де бар екенін де атап өтті. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық ынтымақтастық жоспарлы түрде дамып келе жатқанын айтып, машина жасау және мұнай-газ химиясы салаларындағы бірлескен жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асырудың маңызына тоқталды. Өз кезегінде Рустам Минниханов қонақжайлық танытқаны және түркі халықтарының тарихы, дәстүрі әрі күллі көшпенділер өркениетінің ортақ екенін көрсететін ойындарға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастық мәселелері және биыл күзде Қазан қаласында өтетін БРИКС саммитінің күн тәртібі талқыланды.