Қ.Тоқаев: Орталық Азия – Германия ынтымақтастығының жаңа кезеңі басталды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия + Германия саммитін ашты, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекет басшысы алдымен жиынға қатысқаны және өңірлік кооперацияға қолдау көрсеткені үшін Федералдық канцлер Олаф Шольц пен Орталық Азия басшыларына ризашылығын білдірді.
«Біздің кездесуіміз бірлескен жұмысты қорытындылап қана қоймай, кооперацияны одан әрі тереңдетудің жаңа бағыттарын айқындауды мақсат етеді. Бүгін сауда, инвестиция, энергетика, экология, көлік-логистика, білім-ғылым сияқты салаларға қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз», - деді Мемлекет басшысы. «Бүгін «Орталық Азия – Германия» форматындағы көпжақты ынтымақтастық тарихында жаңа кезең басталады», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Германияның әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық тұрғыдан дамуы көптеген мемлекетке жақсы үлгі. Неміс технологиясы мен инвестициясы экономиканың түрлі саласына оң әсер етіп отыр. Біз Германияның өңіріміздегі барлық мемлекетпен тең құқылы серіктестікті дамытуға ниет танытқанын жоғары бағалаймыз. Оған Германияның социал-демократиялық партиясы қабылдаған «Орталық Азия: байланыс және мүмкіндік» атты бағдарлы құжаты дәлел бола алады.
Президент ортақ мүдделерге ден қоя отырып, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды. Тауар айналымын ұлғайтуды бірінші міндет ретінде атады. Бірлескен өңірлік жобаларды тиімді іске асыру есебінен сауда көрсеткішін арттыру, тауарлар номенклатурасын кеңейтуді ұсынды. Сондай-ақ энергетикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуді келесі басымдық ретінде атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Германияға энергетикалық ресурстардың сенімді әрі ірі жеткізушілерінің бірі ретінде Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір. Көмірсутегін ұзақмерзімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуде германиялық серіктестеріміздің қолдауына алдағы уақытта да сүйенеміз. Елдеріміздің орнықты дамуы үшін энергияның баламалы көздеріне ауысудағы бірлескен қызметімізді жандандыра түсу маңызды деп санаймын. Сутекті энергетика саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз.