Президент саммитте «жасыл» энергияға көшу мен су ресурстарын сақтау жайын айтты
Неміс компаниясы Шығыс Қазақстан облысында литийді игеру және өңдеу бойынша инвестициялық жобаны іске асырады, деп хабарлайды 24kz.
Оның құны 500 миллион доллардан асады. Жалпы елімізде сирек кездесетін металдардың қоры жетерлік. Бүгін Астанада өткен Орталық Азия + Германия саммиті барысында Мемлекет басшысы Алмания елінің компанияларын Қазақстанда геологиялық барлау және игеру жұмыстарын бірге жүргізуге шақырып, «шикізатты технологияға айырбастау» қағидаты бойынша серіктестік орнатуды ұсынды. Келелі келіссөздер барысында тағы қандай өзекті мәселелер қаузалды?
Риат Шони, тілші:
- Батыс пен шығысты, солтүстік пен оңтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабында орналасқан Орталық Азия елдерімен бүгінде әлемнің жетекші мемлекеттері сан салада әріптестікті нығайтуға мүдделлі. Себебі бұл аймақтың табиғи ресурстары мол, ашылмаған әлеуеті зор. Мәселен, Қазақстан мен Түркіменстанның мұнай-газ секторы аймақтың энергетикалық әлеуетін күшейтеді. Бұл жағдай Орталық Азияны жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің маңызды ойыншысына айналдырады. Әлеует ауыл шаруашылығы саласында да зор. Сондықтан да экономикасы қарқынды түрде дамып келе жатқан өңірмен келелі келіссөздер жүргізу өзіндік бір маңызға ие болып отыр.
Орталық Азия бестігі мен Германия. Бұл осы форматта өтіп жатқан екінші саммит. Берлинде бастау алған келіссөздер Астанада жалғасын тапты.
Сауда, инвестиция, энергетика, көлік-логистикасы. Бұл – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер. Үстел басына жиналған басшылар да Еуропа Одағының ірі экономикасы саналатын Германиямен осы тақырып төңірегін терең талқылауға жиналды. Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Орталық Азия – Германия» форматындағы көпжақты ынтымақтастық тарихында жаңа кезең басталатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан РеспубликасыныҢ Президенті:
- Германияның әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық тұрғыдан дамуы көптеген мемлекетке жақсы үлгі. Неміс технологиясы мен инвестициясы экономиканың түрлі саласына оң әсер етіп отыр. Біз Германияның өңіріміздегі барлық мемлекетпен тең құқылы серіктестікті дамытуға ниет танытқанын жоғары бағалаймыз. Оған Германияның социал-демократиялық партиясы қабылдаған «Орталық Азия: байланыс және мүмкіндік» атты бағдарлы құжаты дәлел бола алады.
Германия терең индустрияға басымдық берген ел. Кәрі құрлықтың негізгі ғылыми-технологиялық әлеуетіне ие. Сондықтан да әлемнің ең дамыған мемлекетімен серіктестік орнату осы аймақ елдері үшін басты басымдық болмақ. Осы ретте Президент ортақ мүдделерге ден қоя отырып, бірлескен жұмыстарды жемісті атқаруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан РеспубликасыныҢ Президенті:
- Бірінші – тауар айналымын ұлғайту. Бірлескен өңірлік жобаларды тиімді іске асыру есебінен сауда көрсеткішін арттыру, тауарлар номенклатурасын кеңейту – маңызды міндет. Мәселен, Қазақстан Германияға сомасы 850 миллион долларды құрайтын тауардың 100 түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын.
Келесі басымдық – ол энергетика. Бүгінде Қазақстан Германияға айына 100 мың тонна көлемінде мұнай жеткізіп отыр. Еліміз неміс нарығына тасымалданатын «қара алтын» экспортын арттыруға да әзір. Әрине, Алмания тарапынан қызғушылық болса. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев көмірсутегін ұзақмерзімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуде германиялық серіктестердің қолдауына алдағы уақытта да сүйенетінімізді жеткізді. Сондай-ақ Президент неміс тарапын «жасыл» энергетика бағытындағы стратегиялық жобаға да қатысуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан РеспубликасыныҢ Президенті:
- Елдеріміздің орнықты дамуы үшін энергияның баламалы көздеріне ауысудағы бірлескен қызметімізді жандандыра түсу маңызды деп санаймын. Сутекті энергетика саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Еліміз Өзбекстанмен және Әзербайжанмен Каспий теңізінің табаны арқылы Еуропа елдеріне қарай «жасыл» энергетиканы жеткізу желісін салу жобасын пысықтап жатыр. Германиялық серіктестерге осы стратегиялық жобаға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.
Каспий теңізі Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде орналасқан. Бұл оны геосаяси тұрғыдан маңызды етеді. Әсіресе, көлік-логистика саласындағы маңыздылығы соңғы жылдары еселей түсті. Осы ретте Президент Орта дәліз бағытын одан әрі дамытудың инвестициялық тұрғыдан әлеуеті зор екендігін атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан РеспубликасыныҢ Президенті:
- Атап айтқанда, Каспий теңізіндегі порттарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу ісінде мол мүмкіндік бар. Орталық Азия мен Еуропаның көлік-логистика жүйесін одан әрі интеграциялау маңызды міндет болып қала береді. Қазақстан Global Gateway бағдарламасы аясында «Орта дәлізді» дамыту үшін еуропалық серіктестердің 10 миллиард еуро бөлу туралы шешімін құптайды. Осы бағытты Трансеуропалық көлік желісімен және Global Gateway стратегиясымен ұштастыруда Германия тарапы қолдау көрсетеді деп сенеміз.
Жер жаһанға неміс автокөліктерімен танылған Германия – әлемдегі жетекші өнеркәсіптік экономикалардың бірі. Сондықтан да технологиялық өнімдерге деген сұранысы жоғары. Оның үстіне немістер баламалы энергия көздеріне басымдық берген. Яғни, электромобильдер өндірісі, түрлі электроникаларды шығару жағы оң жолға қойылған. Бұл істе, әрине, сирек кездесетін металдар көптеп қажет. Бірақ Германияда олардың табиғи қоры өте шектеулі. Сол себепті импортқа тәуелді болып отыр. Ал технологиясы дамыған немістерге Қасым-Жомарт Тоқаев оны шикізатқа айырбастауды ұсынып, осы қағидат бойынша серіктестік орнатуға шақырды. Себебі, біздің елде сирек кездесетін металлдардың қоры жетерлік.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан РеспубликасыныҢ Президенті:
- Қазақстан Германия компанияларын сирек кездесетін металдарды геологиялық барлау және игеру жұмыстарын бірге жүргізуге шақырады. Өңірдегі кенді бастапқы және қайта өңдей отырып, «шикізатты технологияға айырбастау» қағидаты бойынша серіктестік орнатуды ұсынамыз. Бұл орайда HMS Bergbau компаниясының Шығыс Қазақстан облысында литийді игеру және өңдеу бойынша инвестициялық жобаны іске асыруын құптаймыз. Оның құны 500 миллион доллардан асады. Біз еліміздің аумағында бағалы және түсті металдардың кен орнын барлап, игеру үшін германиялық инвесторларға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Еуропалық серіктестеріміздің қолдауымен Қазақстанның Технологиялық болжау орталығы базасынан Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын құрған жөн деп санаймыз.
Сонымен қатар саммитте «жасыл» энергияға көшу мен су ресурстарын сақтау жайы да сөз болды. Климат өзгеруінің салдарымен күресу, экологияны жақсарту, су-энергетика саласының тиімділігін арттыру мәселесінде Германия ұзақ жылдар бойы Орталық Азия елдерінің сенімді серіктесі болып келеді. Яғни, немістер бірнеше бағдарламалар мен бастамалар ұсынып, бірқатар маңызды жобаларға қолдау білдіруде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан қазір Халықаралық Аралды қорғау қорына төрағалық етіп отыр. Осы ретте Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы мен Орталық Азияның орнықты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғаудың өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында серіктестікті жандандыруды ұсынады. Біздің пікірімізше, Қордың қызметі өңірдегі орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етеді. Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құру жөніндегі бастама өте өзекті. Бұл бастаманы бүгінгі кездесуге қатысушылардың бәрі қолдайды деп ойлаймын.
Халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық жайы. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда бұның маңыздылығы ерекше арта түсті. Сондықтан да Президент бұл мәселелерді көпжақты ынтымақтастықтың бір бөлігі ретінде ұдайы назарда болатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елдеріміз сан қырлы форматта, оның ішінде Біріккен ұлттар ұйымы аясында тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз алдағы уақытта да әлемде баламасы жоқ осынау әмбебап ұйымның терроризммен, эсктремизммен, заңсыз көші-қонмен және климаттың өзгеруімен күрестегі, сондай-ақ бітімгершілік пен қарусыздандыру ісіндегі күш-жігерін толықтай қолдауға ниеттіміз. Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымын реформалау үдерісіне де белсене атсалысуға дайын. Бірқатар дамыған мемлекет, соның ішінде Германия БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінің қатарында болуға әбден лайық.
Біріккен ұлттар ұйымы жайын қаузаған Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, 2027-2028 жылдары ұйымның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ұсынған қырғыз бауырларымызға табыс тіледі. Президент: «Қырғызстан Орталық Азияда және одан тысқары жерлерде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алады» деді.
Сонымен қатар жиында өзге елдердің де басшылары сөз сөйледі. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қазір қол жеткізген жетістіктерге қарамастан Германиямен экономикалық байланысты одан әрі арттырудың әлеуеті зор екендігін айтты.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:
- Орталық Азия мемлекеттері еліміздің негізгі сауда серіктестерінің қатарында. Сонымен қатар Германиямен экономикалық ынтымақтастық оң динамикаға қарамастан, қазіргі әлеуетті толыққанды іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдауды талап етеді. Дайын өнімді өндіру үшін бірлескен өнеркәсіптік кәсіпорындарды құру перспективалы бағыт бола алады.
Ал Түрікменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов болса, аймақ елдері мен Германия арасындағы қазіргі қарым-қатынас дәйекті және сындарлы деп бағалады.
Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Республикасының Президенті:
- Бүгінгі кездесу біздің әріптестік аясын одан әрі тереңдетуге мүдделі екеніміздің айқын дәлелі бола алады. Бұл саммиттің қорытындысы арадағы байланысты нығайтудың жаңа кезеңіне бастама болады деп сенемін. Соңғы жылдары Орталық Азия елдері мен Германия арасындағы қарым-қатынас дәйекті және сындарлы деп айтар едім.
Сондай-ақ саммит барысында көшбасшылар неміс тарапының 2025 жылғы көктемде Германияда сыртқы істер министрлерінің кездесуін өткізу туралы ұсынысын қолдады.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, ПТРК.