Түркістанда ТМҰ-ға мүше елдердің қауіпсіздік кеңестері хатшылары кездесті

Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қауіпсіздік кеңесі хатшыларының үшінші кездесуі өтті, деп хабарлайды 24kz.

Жиынға еліміздің атынан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты. Тараптар терроризм мен экстремизмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жайы да қаралды. Өз кезегінде Ғизат Нұрдәулетов халықаралық террористік ұйым қатарындағы содырлар мен рекруттар қозғалатын және лаңкестік әрекетті қаржыландыратын түрлі арналардың жолын кесуде өзара іс-қимыл жүргізудің қажеттілігіне тоқталды. Оның айтуынша, қазір шетелдік интернет-ресурстар көмегімен жасалатын трансұлттық қылмыстарға қарсы күресудің және киберқауіпсіздік деңгейін арттырудың маңызы арта түсті.