Өзбекстан сарапшылары Жолдаудың басым бағыттарын талқылады

Қазақстан Президентінің таяуда жариялаған Жолдауы өзбекстандық сарапшылар қауымдастығын бей-жай қалдырмады, деп хабарлайды 24kz.

Еліміз үшін маңызды стратегиялық құжатты олар Ташкентте қызу талқылап, жоғары бағасын берді. Қазақстан елшілігі ұйымдастырған дөңгелек үстелге жергілікті талдау орталықтары, бұқаралық ақпарат құралы өкілдері және зиялы қауым жиналды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Елдің жаңа өсіп-өркендеу бағытын айқындайтын жолдау көршілес мемлекеттермен қарым-қатынастың қарқынды дамитынын көрсетті. Әсіресе, Орталық Азия деңгейіндегі ынтымақтастықты ілгерілетуге оның септігі тимек. Құжатта 5 елге де ортақ энергетика, көлік-логистика, коммуникация және су мәселелерін қамтитын бастамалар көтерілді. Гуманитарлық бағытта батыл бетбұрыстар жасалды.

Шерзодхон Кудратходжа, Өзбекстан Журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің ректоры:

- Біз Қазақстанда ауқымды өзгерістер болып жатқанына қуаныштымыз. Экономикасының еселеніп, білім саласында болашақтың мамандықтарын оқытуға баса көңіл бөліне бастағаны бар назарымызды аудартып отыр. Жолдаудың бесінші бөлігінде айтылған кадрлық әлеуетті арттыру жөніндегі тапсырма аса маңызды дер едім. Ол кей саладағы маман тапшылығын жоюға ықпал етеді. Одан бөлек, Қазақстан президентінің шетелдік 20 оқу орнын ашу бастамасы жоғары бағаға лайық.

Еліміздің төтенше және өкілетті елшісі бизнес, инвестициялық климат, өндіріс және инфрақұрылымдық ахуалды жақсарту жайына да тоқталды. Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Жолдауда көрсетілген бұл бағыттағы реформалар қазақ-өзбек қатынастарын одан әрі нығайтуға ықпал етеді әрі жаңа мүмкіндіктер ашады.

Равшан Назаров, Өзбекстан Ұлттық ғылым академиясы институтының аға ғылыми қызметкері:

- Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту – қазір Қазақстан қолға алған аса маңызды мәселенің бірі. Өзбекстан да осы іске кіріскен. Жалпы Қазақстандағы түбегейлі өзгерістерді аңғармау қиын. Елде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен жергілікті әкімдерді сайлау үрдісі тиімді іске асып жатыр. Ол билік пен халық арасын алшақтатпауға көмектеседі.

Нигина Рахимова, Республикалық қоғам пікірін зерттеу орталығының директоры:

- Бұл бағдарламалық құжатта азаматтық қоғам институттарының дамуына баса көңіл бөлінгені қуантады. Ол үшін мемлекеттік органдар қызметінің ашық болуы ескерілген. Қазір екі ел басшысы да Орталық Азияның өсіп-өркендеуіне, жан-жақты дамуына бар жағдай жасап жатыр. Біздің халықтар да осыны қалайды. Бауырлас ел болғандықтан қазақ пен өзбек бір-бірін қолдап, жарқын келешек құруға нық қадам жасады.

Екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамуы кейінгі кезде жиі өткізілетін іскерлік жиындардан да аңғарылады. Мемлекет және үкімет басшылары деңгейіндегі тығыз байланыс қос халықты жақындастыруға септігін тигізген. Дөңгелек үстелге жиналғардар осы жайтты ерекше атап өтіп, Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық серіктестігін жоғары бағалады.

Авторы: Рауан Мыңбаев