М.Нұртілеу: Жаһандық мәселелерді шешуде диалог пен дипломатия қажет
Бүгін БҰҰ Болашақ саммитінің пленарлық отырысында еліміздің Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу сөз сөйледі, деп хабарлайды 24kz.
Ол қазіргі геосаяси және экономикалық тұрақсыздық кезінде әлем елдеріне диалог пен дипломатия қажет екенін айтты.
Өз сөзінде Премьер-министрдің орынбасары цифрлық трансформация, Қазақстанның ядролық қарусыздану жолындағы жетістіктері мен экологиялық мәселелерге де тоқтады.
Талғат Алманов, тілші:
- Еліміз 2026 жылы экологиялық мәселелерді шешуге арналған алғашқы өңірлік климаттық саммитті өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Біріккен ұлттар ұйымының мінберінен сөз сөйлеген Қазақстанның Сырты істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлімдеді. Осылайша, еліміз климаттық өзгерістерден бастап ядролық қарусыздануға дейінгі жаһандық мәселелерді көпжақты ынтымақтастық арқылы шешуді көздеп отыр.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары және сыртқы істер министрі:
- Болашақ туралы Пактіде бекітілген тиімді көпжақтылық бүгінгі таңдағы бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерді еңсерудің негізгі құралы болуы керек. Сондықтан қазіргі саммит Біріккен ұлттар ұйымының жүйесін кешенді реформалауға бағытталған уақытылы үндеу. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев айтқандай, орта деңгейдегі мемлекеттердің және дамушы әлемнің дауысы Қауіпсіздік кеңесінде анық естілуі керек.
Талғат Алманов, тілші:
- Климаттың өзгеруі – әлем елдерін алаңдататын өзекті мәселелердің бірі. Мысалы, жаһандық жылынудан Орталық Азия өзге аймақтарға қарағанда қартты зардап шегуі мүмкін. Ал 2050 жылға қарай өңірдегі температураның 2,5 градусқа көтерілу қаупі бар. Және бұл аталмыш аймақ үшін өте қауіпті болуы мүмкін.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары және сыртқы істер министрі:
- Мұздықтардың еруі, су тапшылығы, биоәртүрліліктің азаюы және шөлейттену сияқты мәселелерді тиімді шешу үшін біздің еліміз 2026 жылы Біріккен ұлттар ұйымының қолдауымен бірінші өңірлік климат саммитін өткізеді. Сонымен қатар Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму бойынша Біріккен ұлттар ұйымының Өңірлік орталығын ашуды ұсынамыз, бұл Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруды үйлестіруді одан әрі нығайтуға көмектеседі. Дұрыс қолдаумен бұл идея БҰҰ-ның даму механизмдері үшін болашақ үлгіге айналады деп сенемін.
Талғат Алманов, тілші:
- Сыртқы істер министрі цифрлық трансформация мәселесіне де ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде аймақтық IT хаб ретінде Қазақстан Азия-Тынық мұхиты аймағындағы цифрлық алшақтықты жою үшін БҰҰ жанынан Цифрлық шешімдер орталығын құруды ұсынып келе жатқанын тағы еске салды. Сонымен қатар министр еліміздің ядролық қарусыздандыру саласындағы жетістіктері мен күш-жігерін, цифрлық даму саласындағы бастамаларын және жаһандық мәселелерді көпжақты ынтымақтастық арқылы шешуге пейілді екенін де тілге тиек етті.
Авторы: Талғат Алманов