Министрлік Голан жоталарындағы Қазақстан әскерилерінің жағдайын тексерді

Еліміздің қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары

Шайх-Хасан Жазықбаевтың басшылығымен инспекциялық топ қазақстандық бітімгерлік контингент орналасқан Фауар базасында болып қайтты. Алты ай ішінде қазақстандық бітімгерлер шекара маңындағы аудандарда 168 патрульдеу жүргізген. 18 рет БҰҰ-ның қызметкерлерін алып жүрген, сондай-ақ 13 рет жарылмаған оқдәріні залалсыздандыруға қатысқан және 30 рет медициналық эвакуация жүргізген. Сонымен қатар жедел әрекет ету топтары оқиға орнына 102 рет барған. Сапар барысында инспекциялық топ база орналасқан жердегі техниканың, қару-жарақтың жарамдылығын, құрал-жабдықтардың жалпы жай-күйін тексерді.

Естеріңізге сала кетейік, «БҰҰ күштерінің бөлінуін бақылау жөніндегі» миссиясы қолбасшысының резерв ротасы, яғни 139 әскери қызметшіден тұратын қазақстандық бітімгерлер БҰҰ мандатына сәйкес атысты тоқтату режимін қолдау жөніндегі міндеттерді орындайды.

Азамат Сисатов, ҚР Қорғаныс министрлігі халықаралық ынтымақтастық департаменті бітімгерлік қызмет басқармасының бастығы:

- Миссия аумағында аталған миссияның қолбасшылығымен кездесулер өткізіліп, Қазақстан бітімгерлерінің күнделікті қызмет атқару жағдайларымен таныстырылды. Қазіргі уақыттағы Таяу Шығыстағы ахуалға қарамастан Қазақстан бітімгерлері өздерінің жоғарғы кәсіби деңгейлерін көрсетуде және күнделікті тапсырмаларын жоспарлы түрде атқаруда.