Президент Ә. Кекілбайұлының мерейтойына орай құттықтау жолдады

Халық жазушысы, көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдық мерейтойы Ақтауда аталып өтті.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов арнайы қатысып, Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Мәжіліс спикері даңқты жазушының мерейтойы шын мәнінде халықтың мерекесі, ұлттың тойы дей келе, Алаш абызының адами болмысын, қайраткерлік қырларын еске алды. Шараға Түркия, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан елдерінен де ғалымдар қатысты. Мерейтой «Әбіш әлемі» театр фестивалімен жалғасты. Қаламгер 1939 жылы Маңғыстау облысындағы Оңды ауылы, Мырзайыр деген жерде дүниеге келіп, 2015 жылы Астана қаласында өмірден озды. Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы - Қазақстанның Еңбек Ері, Отан, Құрмет ордендері мен өзге де жоғары марапаттарға ие болды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Әбіш Кекілбайұлы – төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтіп, жаңа деңгейге көтерген заңғар жазушы, классик қаламгер. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, мемлекеттігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Ол жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, халқына қалтқысыз қызмет етті. Ұлт мүддесін және ел бірлігін қашанда бәрінен биік қойды. Әбіш Кекілбайұлының отаншылдығы, парасаттылығы, білімпаздығы мен еңбекқорлығы – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.