Түркістан облысының өнеркәсібіндегі өрлеу

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі өрлеп келеді.

Алдағы жылдары құны 2,5 трлн теңге тұратын 145 жоба іске қосылмақ. Осылайша, өңірде 20 мың адам жұмыспен қамтылады. Президент жұмыс сапары кезінде осы инвестициялық жобаларға арнайы барып танысты. Одан бөлек отандық өндірушілермен де кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады.

Бекзат Аманов, тілші:

- Түркістан мәдени мұраларымен ғана шектелмей, ірі өнеркәсіп өлкесіне айналуға бел буды. Алдағы жылдары аймақты туристік орталық емес, өңдеу ісі өрлегең өңір ретін тануымыз мүмкін. Мұнда қарапайым матадан бастап, тұрмыстық һәм өндірісте қолданылатын техникалар шығару жоспарланып жатыр. Жүзден аса жоба жүзеге асырылуда. Зауыттардың алды өнім шығаруды бастады. 

-Атқарылған жұмысты көру үшін Президент қаланың іргесіндегі «SPK TURKISTAN» өндірістік аймағына барды. Өңірдің ірі инвестициялық жобалары осы жерде шоғырланған. Өндірістік парк аумағы 100 гектарға жетеді. Алдымен, 30 гектар жерге инфрақұрылым мен коммуникация желілері тартылды. Ірі өңдеу ошағының бірі «BNK Group» серіктестігінің цехы. 

Күллі Орталық Азиядағы жаңбырлатып суару жүйесін өндіретін жалғыз зауыт Түркістанда жұмыс істеп тұр. Өндіріске қажетті шикізат та, керек-жарақ та өзімізден шығады. Ең бастысы, жұмыстың басы-қасында жүрген мамандардың барлығы Қазақстан азаматы. Жаңбырлатып суару шаруаларға тіршілік көзін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сұраныс өте жоғары, кәсіпкер жылдың соңына дейін тапсырыс қабылдап қойған. Бағасы да шетелдік бәсекелестерінен 20-30 пайызға арзан. 

Алмас Дүйсебайұлы, BNK өндіріс директоры:

- Бізде автоматтандырылған құрылғылар, робот. Адамның күшін көп қажет етпейтін, компьютерлік роботтар жұмыс істейді. Су аз кетеді. Химиядан да, судан да экономия болады. Әрі уақытылы. Бізде автоматтандырылған жүйе бар, оны сотка арқылы басқаруға болады. Өз уақытын қойған кезде сол режимде автоматты түрде құрылғылар су шашады. Уақытында есеп береді егесіне.

 Оңтүстік аймақтарда су үнемдеу технологиясын терең меңгеру маңызды. Ертелі-кеш шаруалар түгел жаңа технолошияға көшеді. Уақыт талабы осындай. Енді бұл істі «Turan Su» мекемесі жеделдете алады. Биыл кәсіпорын 9 мың гектарға тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты. Шығарып ғана қоймай, шаруаларға пайдалану жолдарын үйретеді. Мақсат – 2030 жылға дейін 216,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізу. 

Досхан  Лесов, «Тұран су» МКК басшысы:

- Тамшылатып суару жүйесі суды екі есе үнемдеп, өнімділікті 1,5 есе жоғарылатады. Іске қосылған жоба құны 650 млн доллар. Жылына 900 мың гектар қамтимыз. Минутына 350 метр шығарылады. Мұның негізгі артықшылығы шаруаларға су үнемдеу техникасын көрсетіп, ендіріп береміз. Бағасы жағынан шетелдік бағадан төмен.  Бізде 3600 шаруа бар, олардың бәрі қарым қатынаста жұмыс атқарады. 

Аз уақытта нәтиже көрсеткен кәсіпорынның бірі – жиһаз шығаратын «Аqniet Holding» компаниясы. Соңғы үш жылда компания 50-ге жуық мектепті жабдықтаған. «Жайлы мектеп» стандартына сай жиһаздар жасайды. Зауыт автоматтандырылған. Жылдам әрі сапалы жасалады. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, бұған роботтар көмектеседі. 

Омар Бақтыгерей, жиһаз фабрикасының директоры:

-  Роботтың артықшылығы бір өзі бір күнде жиырма адамның жұмысын атқарады. 24 сағат жұмыс істеуге қауқары бар. одан кейін бұл робот сапалы түрде шығарады. Мысалы дәнекерлеуде 100 пайыз құйылады және онда шлак болмайды. 

Президент медицина жабдықтары, тоңазытқыш пен мұздатқыш өндіретін кәсіпорынды аралады. Үлкен көкөніс қоймасына барды. Ірі жобалардың қатарында қуатты бу-газ қондырғысы, күн және жел электр станциялары, бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы бар. Сондай-ақ көп ұзамай дрон және бейнебақылау камералары, газ қазандықтары, тұрмыстық техника, тау-кен өндіріле бастайды. Алдағы жылдары құны 2,5 триллион теңге болатын 145 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болады. 

2024-2025 ж. аралығы

Инвестициялық жоба – 145

Құны – ₸2,5 трлн

Жұмыс орны – 20 мың 

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:

- Биыл 59 жобаны іске асырамыз деп жоспарланған болатын. Жалпы соммасы 142 млрдтан асқан. Оның 25-і іске асып отыр. Құны 76 млрд теңге құрайтын. Нәтижесінде жаңадан 800 жұмыс орыны ашылды.

Облыс экономикасының негізгі көзі ауыл шаруашылығы. Жергілікті шаруалар егістік пен мал бағудан алдына жан салмайды. Агроөнеркәсіп кешені 2030 жылға дейін құны екі трлн теңгеден асатын өнім өндіреді. Қойылған міндет ауқымды. 

Нұрбек Бадырақов, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемі 2030 жылға дейін екі трлн теңгеден астам жалпы өнім өндіріледі. Ол негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында тыңайтқыштарды ғылыми негізделген нормамен беру аясында және дақылдарды мақта егістігін ұлғайту және тамшылатын суару барысы арқылы өндіріледі. 

Жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы ағайынның өнімдерімен де танысты. Көрмеге табиғи ет, сүт және балық өнімдері, тәттілер мен жеміс-жидектер қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлермен әңгімелесіп, өнімділікті арттыру және су үнемдеу мәселесін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ауданда алғашқылардың бірі болып, тамшылатып суару әдісін қолданып, мақта ектім. Нәтижесінде ағын су екі жарым есе үнемделді. Тыңайтқыштарды тамшылату суару арқылы беріп, мақтаның өнімділігі. 60 центнерге көтерілді.

Су мәселесі бойынша Жолдауда айттым. Су деген байлық ғой. Қалай болса солай пайдалануға болмайды. Сондықтан үнемдеу керек, озық технологияларды пайдалану керек.

Президент, әдеттегідей, жұмыс сапарында ауылдағы ағайынға да соқты. Бұл жолы Бадамға барып, тауарлы сүт фермасымен танысты. Кәсіп бастаса, ұршықша үйіретін оңтүстік кәсіпкері бұл жолы да өнімділікті арттырудың ерекше жолын тапқанға ұқсайд

Бекзат Аманов, тілші:

- Бұл қораның сауын сиырлары дәл осындай классикалық әуен мен күйлер тыңдайды. Құлақ құрышын қандырған ірі қаралар сүтті бірнеше литрге көп береді екен. Фермада 600 бас сиыр бар. Тәулігіне орташа 25-30 литрден сүт береді. Оған қоса ферма толық автоматтандырылған. Салқындату және желдету жүйесі бар. Байқағандарыңыздай, мұнда малдың қорегі ғана емес, оның көңіл күйі мен жайлы өміріне де мән беріледі.

2016 жылы негізі қаланған бұл кәсіпорын қазір сүттен жасалатын барлық тауарды өндіреді. Табиғи өнімге сұраныс жоғары. Жобаға мемлекеттен жеңілдетілген 2,4 миллиард теңге несие берілді. Соның арқасында ферма тәулігіне 25 тонна сүт өңдеп, 20-дан астам өнім шығарады. 

Бөкейхан Әбішев, «Бөрте Милка»  кәсіпорнының бас директоры:

- 20-ға жуық сүт өнімдерін шығарамыз. Оның ішінде 5 түрлі йогурт, үш түрлі айран, қаймақ, сары май, құрт. Ең алғаш Шымкент қаласынан бастағанбыз, сосын Түркістан мен Қызылорда қосылды. Алдағы уақытта Жамбыл облысы мен Алматы қаласын толық қамтысақ деген жоспарымыз бар. Біздің өнім жүз пайыз табиғи таза өнім, арнайы зертзана бар. Күнделікті сүттің тазалығын тексеріп, әкелген сүтті өңдеп сатып отырамыз.

Сүт фермасына жапсарласа, тігін шеберханасы бой көтерді. Ауылдағы қыз-келіншектің дені осында жұмысқа тұрған. Мысалы, Алтынай Егізбекова Бадам ауылының тұрғыны. Бала кезінен тігінші болуды армандаған ол осы саланы бітірді. Енді міне жас маманға жақын жерден жұмыс табылды. 

Алтынай Егізбекова, тігінші:

- Осы уақытқа дейін көптеген заказ болды. Футболка, постель, спецодежда, военный одежда. Жұмыс жағдайы өте жақсы, бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Одан бөлек, тасымалы бар. Жалақымыз уақыты түседі.

Мемлекет басшысы бұл  фабрикаға да барды. Кәсіпкер 1,4 млрд теңге көмек алған. Нәтижесінде жүзедеген адамды жұмыспен қамтып отыр.

Жасұлан Нұралы, тігін фабрикасының директоры:

- Қазіргі таңда бес жүз орын бар. Тігіншінің орны бар. Перспектива былайша айтқанда бір жарым мыңға дейін тігіншілерді жұмыспен қамтамасыз ете аламыз.

Түркістанның мақтанышы - мақта ісі. Қазір тігін шеберханасы матаны шетелден алып отыр. Бірақ көп ұзамай үлкен зауыт ашылып, өңірдегі мақта 50 мың тоннаға жуық матаға айналады.Бұл істі қытайлық инвесторлар қолға алып отыр.

Бекзат Аманов, Еділ Ермекбаев, Дулат Ентебеков