Қарин АӨСШК ұйымына мүше елдер волонтерлерінің слетіне қатысты
Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше елдердегі Еріктілер қозғалысы көшбасшыларының слеті өтті.
Алқалы жиынға Әзербайжан, Иран, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Тайланд, Тәжікстан, Шри-Ланка секілді әлемнің 21 елінен 450-ден астам делегат келді. Басқосуда волонтерлік қызметке қатысты маңызды мәселелер көтеріліп, түрлі бастамалар мен ұсыныстар айтылды. Слеттің пленарлық сессиясына Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин қатысты. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының волонтерлер қызметіне ерекше көңіл бөлетінін, олардың әлеуметтік әділдікті нығайтудағы, бірлік пен ынтымақтастық секілді негізгі құндылықтарды ілгерілетудегі рөліне баса мән беретінін атап өтті.
Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі:
- Волонтерлық аймақтық қана емес, жаһандық деңгейдегі қарама-қайшылықтар мен теңсіздіктерді жоюға қабілетті бірегей қозғалыс. Бұл ретте БҰҰ Еріктілер бағдарламасының орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында бүкіл адамзаттың күшін біріктіруге қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн. Алайда, еріктілер қозғалысының ең басты үлесі қоғамның игілігін ойлайтын, өзгелерге көмек көрсетуге әрдайым дайын тұратын және әлемді жақсартуға деген шынайы ниеті бар азаматтардың жұмылдыра алуында.
Сонымен бірге қазіргі таңда елімізде 740 волонтерлік ұйым табысты қызмет атқарып, жаңа мінез-құлық мәдениетін қалыптастырып жатыр деді Мемлекеттік кеңесші.