Қазақстан – Өзбекстан: атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық
Қазақстан мен Өзбекстанға атом энергетикасы саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға толық мүмкіндік бар.
Мұндай деңгейдегі байланыс саланың дамуына тың серпін береді. Ташкентте өткен «Атом энергетикасын дамыту: қиындық пен мүмкіндік» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осындай пікір айтылды. Мамандар елдегі энергия жетіспеушілігін оңтайлы шешу жолдарын талқылап, ұсыныстарды зерделеді.
Қазақстан мен Өзбекстан үшін заманауи атом энергетикасы таңсық сала емес. Бауырлас мемлекеттер уран өндірісі мен экспорты жөнінен әлемде көш бастап тұр. Енді сол шикізат көзін байытып, ел игілігіне жарататын кез келді. Кейінгі кезде екі ел мамандары энергетикалық жетіспеушілік мәселесін жиі көтеріп жүр. Бұған бірқатар себеп бар. Ең алдымен экономикалық әлеует артып, демографиялық ахуал жақсарып келеді. Ал атом электр станциясы тұрақты қуат көзін ұсынады.
Сергей Агафонов, Қазақстан энергия үнемдеу ұйымдары қауымдастығының төрағасы:
- Кейінгі 2 жылда елімізде электр энергиясының тапшылығы ерекше сезіле бастады. Оны жабу үшін Қазақстан жыл сайын шамамен 60 млрд теңге жұмсайды. Анығында, мен жаңартылған энергия көздерін енгізу бастамасын қолдаушылардың бірімін. Бірақ ол тұрақты негізде электр энергиясымен қамтамасыз ете алмайды. Яғни атом электр станциясына балама жоқ.
Өзбекстанда ахуал осыған ұқсас. Көршіміз алғашқы атом станциясын Джизак облысындағы Тузкан көлі маңында салмақ. Құрылыс алаңында қазір гидрологиялық, геологиялық және сейсмологиялық бақылау жұмыстары қолға алынған.
Отабек Аманов, «УзАтом» агенттігі АЭС құрылысы дирекциясының директоры:
- Жыл соңына дейін құрылысшылар тұратын қалашық салуды бастаймыз. Онда жұмыс қызған уақытта 10 мың адам тер төгетін болады. АЭС салу үшін біз онда шеберхана, арнайы техникаға арналған гараж, бетон араластыратын құрылғы, арматура цехтарын құруымыз қажет. Мұның өзі тұтас кешен болады. Сондықтан биыл осы жұмыстар қолға алынады.
Бұған дейін ресми Ташкент ірі атом электр станциясын салуға да талпынған. Алайда жоба бірнеше рет кейінге шегеріліп, түпкілікті таңдау аз қуатты реакторларға түсті. Жоспарға сай, 2026 жылы энергоблоктың іргетасына алғашқы бетон құйылуы тиіс.
Сергей Агафонов, Қазақстан энергия үнемдеу ұйымдары қауымдастығының төрағасы:
- Атом энергетикасы тек бір елге тиесілі сала емес. Тиісінше, бұл бағытта кооперация, бірлескен жұмыс болуы тиіс. Ал интеграция саланың инновациялық дамуына серпін береді. Бұл ретте Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастықты нығайта түсуіне мүмкіндік бар. Мәселен, біздің еліміз уран өндіру бойынша әлемде көш бастап тұр. Сондықтан біз бір-бірімізді ресурстар бағытында толықтырып отыруымызға болады.
Айта кетейік, Өзбекстанда қуат көзінің 80% газ электр станцияларынан алынады. Қалғаны су, күн және жел генерациясына тиесілі. Ал біздің елде тұтыну көлемінің шамамен 70 процентін жылу электр орталықтары өтейді.
Авторы: Рауан Мыңбаев