Қазақстандағы демократиялық процестер жылдам жүріп жатыр — корей саясаттанушылары
Қазақстандағы демократиялық процестер Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда жылдамырақ жүріп жатыр. Бұл – корей саясаттанушылардың пікірі. Сарапшылар Сеул Кибер университетінде өткен Қазақстанның Республика күніне арналған дөңгелек үстелге қатысты.
Республика күніне арналған дөңгелек үстел Сеул Кибер университетінде өтті. Мұнда 2021 жылы Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылып, қазақ мәдениеті кабинеті ашылған болатын. Қазақ халқын Республика күнімен Хангук университетінің Орталық Азия кафедрасының студенттері мен оқытушылары құттықтады.
Чу Ён Мин, Хангук университеті Орталық Азия кафедрасының профессоры:
- Болашақта Корея және Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге өте ашық аспан және табыстылық бар деп ойлаймын.
Чон Мин У, Хангук шет тілдер университетінің 4 курс студенті:
- Болашақта мен Корея Республикасы мен Қазақ Республикасы арасындағы ынтымақтастық, достықты дамыту үшін жұмыс істегім келеді.
Саясаттанушы Ким Сан Чхоль Орталық Азияны зерттеумен 30 жылға жуық уақыттан бері айналысып келеді. Оның айтуынша, Қазақстанда демократиялық процестер аймақтағы басқа елдерге қарағанда жылдамырақ дамып келеді.
Ким Сан Чхоль, Хангук университеті Орталық Азия институтының профессоры:
- Еліміз Оңтүстік Кореяға халықаралық қауымдастықта ойып тұрып орын алу үшін шамамен 40-50 жыл қажет болды. Ал Қазақстан әлдеқайда жылдам дамып келеді. Атом электр стансысын салу бойынша жақында өткен референдум саяси мәселелерден тыс өткен алғашқы дауыс беру болды. Бұл маңызды, өйткені Өзбекстанда атом электр стансысы кең талқылаусыз салынып жатыр.
Қазақстан елшісі Нұрғали Арыстанов екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстардың артып келе жатқанын атап өтті.
Нұрғали Арыстанов, ҚР Корея Республикасындағы Елшісі:
- Маусым айында президент Юн Сок Ёльдің Қазақстанға мемлекеттік сапары болды. Екі апта бұрын ғана Корея Ұлттық жиналысының спикері У Вон Сик өзінің қызметке кіріскеннен бергі алғашқы шетелдік сапарын Қазақстанға жасады. Орталық Азияның 5 елі + Корея форматы жаңа ынтымақтастық бағыттарымен толығып жатыр. Парламенттік өлшемнен басқа біз сараптамалық орталықтар мен жергілікті билік органдарының форумдарын жолға қойдық.
Белгілі корей дипломаты Ха Тэ Ёк екіжақты келіссөздерді көбейтуді ұсынды.
Ха Тэ Ёк, Корея губернаторлар қауымдастығы дипломатиялық басқармасының жетекшісі:
- Былтыр біз Орталық Азия парламенттері спикерлерінің кездесулерін бастадық. Бұл өте жақсы формат болды. Тіпті жоғары деңгейде бір отырыс өткізілгеннен бөлек, министрлер деңгейінде кездесулер ұйымдастыруға болады, сонда бұл үдеріс жалғаса бермек. Бұл университеттер мен компанияларға да қатысты, мұндай тетіктердің әртүрлі деңгейде қолдау тапқаны маңызды.
Сарапшылар 2025 жылы Қазақстан-Корея қарым-қатынасында серпіліс болады деп болжайды. Олардың пікірінше, жылдың басты оқиғасы Сеулде өтетін Корея-Орталық Азия саммиті болуы мүмкін.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.