Қазақстан шетелдік инвесторлардың назарын немен ауламақ?
2029 жылға қарай Қазақстан экономикасына шетелден қосымша 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту керек. Бұл міндетті іске асыру үшін Үкімет жанындағы Инвестициялық штабқа туындаған проблемаларды жедел шеше алатын құзырет берілді. Бұл жайында бүгін Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысын өткізген Мемлекет басшысы айтты. Қалталы азаматтарды ел экономикасына қаржы құюға шақырған Қасым-Жомарт Тоқаев тартымды деген салаларды атап, инвесторларға жасалған жағдайларды тізіп берді.
Шетелдік инвесторлар кеңесі – елдің экономикалық тұрақтылығы мен дамуына үлес қосатын сенімді көпір. Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту, шетелдік серіктестермен тиімді байланыс орнату. Осы мәселелер тұрғысынан бұл жиынның маңызы өте зор. Мақсат айқын, міндет бір – ол экономиканың түрлі салаларында ірі жобаларды жүзеге асыруға ниет танытқан қалталы азаматтарға барынша қолдау танытып, елдің әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосу.
Естелік суретке түсу, етене жақын араласып, бір-бірімен телефон нөмірлерімен алмасу. Әлемнің алпауыт компания басшыларымен осылай шүйіркелесу мүмкіндігін ешкім қалт жіберіп жатқан жоқ. Ол түсінікті де. Бизнесін өрге домалатқысы келген әр кәсіпкер әріптестік орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлайды.
Олег Гощанский, KPMG EMA төрағасының кеңесшісі:
- Кез келген инвестор өз капиталын қауіпсіз әрі тиімді пайдалану аймағын іздейді. Бұл ретте Қазақстан дұрыс бағытты таңдаған. Біздің клиенттер үшін елдеріңізде инвестициялық климат қолайлы. Қазір олар металлургия, телекоммуникация, IT сынды салаларға қаржы құйып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр.
Қазір Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарында. Бұндай деректі Халықаралық менеджментті дамыту институты келтіріп отыр. Былтыр шетелден ел экономикасына 23 млрд долларға жуық тікелей инвестиция тартылған. Сома қомақты. Бірақ қазір арқаны кеңге жаятын кез емес. Алдағы міндет ауқымды. Оны бүгін Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында сөз сөйлеген Президент атап берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз 2029 жылға қарай шетелден қосымша 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тартамыз деген өршіл мақсат қойдық. Бұл міндетті іске асыру үшін Үкімет жанындағы Инвестициялық штабқа туындаған проблемаларды жедел шеше алатын құзырет берілді. Биыл мамыр айында ұлттық экономиканы ырықтандыруға негіз қалаған Жарлыққа қол қойдым. Біз елімізде инвесторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыра береміз.
Еліміз минералды-шикізат қорына бай. Түртсең, топырағынан түгі шығар. Тек геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды игеру бағытында жаңа жобалар қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев қалталы азаматтарға 1,6 миллион шаршы шақырымға жуық аумаққа геологиялық зерттеу жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алуға болатындығын жеткізді. Жалпы соңғы 6 жылда геологиялық барлауға 1 миллиард доллардан астам жеке инвестиция тартылған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жергілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсынады. Жалпы сомасы 86 миллиард доллардан асатын 200-ге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Үкімет жергілікті өндірушілерден офтейк-келісімшарттар арқылы сатып алуға арналған тауарлар тізімін жасақтап жатыр. Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Біз Қазақстандағы кәсіптік-техникалық білім беру сапасын арттыруға, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамытуға ниетті инвесторларды іздейміз.
Шетелдік инвесторлар ел экономикасына капитал құйып қана қоймай, озық технологиялар мен білікті мамандар әкелді. Жергілікті кадрларды үйретті. Бұны энергетика саласынан анық байқауға болады.
Чжан Даовэй, СNPC вице-президенті:
- Біздің ойымызша, Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі өнеркәсіпті жаңғыртуға бағытталуы тиіс. Сонда ғана сіздер шығыс пен батысты жалғайтын көпір ретіндегі стратегиялық мүмкіндіктеріңізді пайдалана аласыздар. Бұл өз кезегінде ұлттық экономиканың тұрақты өсімін де қамтамасыз етеді. Инновациялық технологиялыр мен халықаралық инвестициялық келісімдер орнату осы міндеттерге жетудің тиімді құралы болмақ.
Кейінгі 30 жылда Қазақстандағы мұнай өндірісі 3 есе артты. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде еліміз қара алтын өндіру қарқыны жоғары мемлекеттердің үздік бестігіне кірді. Президент бұл межені болашақта жылына 100 миллион тоннадан асыруды көздеп отырғанымызды айтты. «Жалпы мұнай химиясы өнеркәсібін өркендету ел экономикасын әртараптандыруға зор үлес қосады», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2022 жылы өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететін Орталық Азиядағы ең ірі зауытты іске қостық. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорын ішкі сұраныстың шамамен 60%-ін өтеп отыр әрі өз өнімін Еуропа, Түркия және Қытай нарықтарына экспорттайды. Биыл қыркүйек айында жылына 1,2 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. Бұдан бөлек, мұнай химиясы саласында жалпы құны 14 миллиард доллардан асатын бірқатар жоба пысықталып жатыр.
Президент ерекше тоқталған тағы бір бағыт – ол таза энергетика секторы. Қазір Қазақстан жалпы қуаты 43 ГВт болатын «жасыл» жобаларды жүзеге асыру үшін Total, Masdar сынды әлемдік компаниялармен нақты келісімдерге келген. Сонымен қатар атом энергетикасын дамыту ісінде де мол әлеуетіміз бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз уран өндірісі бойынша әлемдегі ірі елдердің санатына кіреміз. Өздеріңізге мәлім, жақында өткен жалпыұлттық референдумда азаматтарымыз Қазақстандағы алғашқы атом электр стансысының құрылысын қолдады. Бұл бастаманы энергетикалық қауіпсіздігімізге салған ұзақмерзімді инвестиция деуге болады. Қазіргі кезде осы жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық консорциум құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.
Бхаргав Дасгупта, Азиялық даму банкінің вице-президенті:
- Біз Қазақстанда 30 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеміз. Осы аралықта 7 млрд долларға жуық инвестиция тарттық. Қазір таза энергия барлық әлем елдері үшін маңызды. Осы бағытта инвестиция құюды жалғастыра береміз. Жалпы айтқанда алдағы уақытта Қазақстанға маңызды деген секторларды дамытуға көмектесуге дайынбыз. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да бірқатар жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз.
Еуропалық Қайта құру және даму банкі Көкшетау қаласында 630 орынға шақталған аурухана салмақ жоспарда. Ол үшін 365 млн еуро қаржы бағыттауға да дайын. Бұл жайында Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында банк президенті айтты.
«Досы көпті жау алмайды», – деген Одиль Рено-Бассо Қазақстандағы инвестициялық климат өте жақсы деңгейде екендігін мәлімдеп, бизнес жүргізуге кері әсерін тигізетін бюрократиялық кедергілер жойылғандығын да атап өтті. Енді 2029 жылға қарай ел экономикасын мақсатты түрде өсіру үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытын дамытып, жеке сектордың қатысуын кеңейту қажеттігіне тоқталды.
Одиль Рено-Бассо, Еуропалық Қайта құру және даму банкінің президенті:
- Осы жылдың басында Қазақстан 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын қабылдады. Біз оны құптаймыз және табиғи апаттардың алдын алу, су және энергетикалық қауіпсіздікті арттыру мен инфрақұрылым қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ел экономикасына 80 млн долларға жуық инвестиция құю мақсатын қолдаймыз. Бұл қаржы 300-ден астам жобаны жүзеге асыруға бағытталады. Қазақстан бизнес-ахуалды жақсартып, шетелдік және тікелей инвестициялар үшін ашық жағдайлар жасау бойынша өз мүмкіндіктерін кеңейтіп жатыр. Бұны көру біз үшін өте қуанышты.
Елімізде ауыл шаруашылығына жарамды 200 миллион гектардан астам жер бар, бұл ретте біз әлемде алтыншы орындамыз. Жиында Президент инвесторлардың назарын осы агроөнеркәсіп секторына да назар аударуға шақырды. Себебі, Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту Орталық Азия аймағының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық басымдық саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кейінгі алты жылда саладағы экспорт көлемі екі есе ұлғайып, бес миллиард доллардан асты. Біз агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық секторға айналдыруды көздейміз. Осы орайда шетелдік инвесторлардың үлесі бар құны бес миллиард доллардан асатын 100-ден астам жоба қолға алынады.
Көлік және логистика секторында Қазақстан – Еуразиядағы негізгі тасымал торабы. Шығыс пен батысты жалғаған еліміз бұл ретте өз позициясын нығайтуға ниетті. Қазір 11 мың шақырым ескі теміржолды жөндеу мен 5 мың шақырымнан астам жаңа шойынжол салу жоспарланған. Осы ретте Еуразиялық даму банкінің ауқымды жобасын да атап өту маңызды.
Николай Подгузов, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы:
- Бұл – Аягөз-Бақты бағытындағы темір жол құрылысы жобасы.Қазір ол бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Біз бұл жобаға жүздеген млн доллар бағыттаймыз деп жоспарлап отырмыз. Осы теміржолдың құрылысы Қазақстанның транзиттік әлеуетін едәуір арттырады.
Ал әлемдік алпауыт Wabtec компаниясы 2027 жылға дейін 140-қа жуық локомотив жеткізбек жоспарда. Қазірдің өзінде олар ел экономикасына 100 млн доллар инвестиция құйған екен.
Рафаэль Сантана, «Wabtec» компаниясының президенті және бас атқарушы директоры:
- Қазақстанда ашылған нысандар мен жобалар өте көп. Компания жергілікті нарықта көптен бері жұмыс істеп келеді. Биылғы нәтижеге тоқталсақ, елдеріңізде жаһандық инженерлік орталық аштық. Бұл нысан күллі Орталық Азияға көмектеседі. Одан бөлек, инженерлік кешен салдық. Осы арқылы теміржолдағы қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, өзге елдердің локомативтеріне қызмет көрсетуге болады. Одан бөлек, Қазақстанға цифрлық жүйе сыйға тарттық. Мұның бәрі қауіпсіздікті нығайтып, тасымалды сенімді етеді.
Жалпы айта кету керек, елдегі сот және құқық жүйесінде жүргізіліп жатқан жаңғыртулар қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ еліміз «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне де ерекше мән береді. Бұл – әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының озық тәжірибесін меңгерген Орталық Азия өңіріндегі бірегей мекеме. Сонымен қатар Үкімет пен инвесторлардың өзара қарым-қатынасын цифрландыру аясы кеңейіп келеді. Жыл соңына дейін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа толық жұмыс істегенде, жобалардың жүзеге асырылу барысын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік туады. Бір сөзбен айтқанда, елімізде инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған ілкімді істер атқарылып жатыр.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев.