Қ. Тоқаев: Қазақстан – бейбіт дипломатияны ұстанатын ел

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.

«Ақорда» резиденциясында 4 елдің жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілері, сондай-ақ Еуропалық Одақ өкілдігі басшысы Президентке сенім грамоталарын салтанатты түрде тапсырды.

Дипломаттармен жүздесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бейбіт дипломатия қағидатын ұстанатын ел екенін әрі халықаралық аренадағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алатынын атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымымен жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға бейіл екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан - бейбіт дипломатия жүргізетін мемлекет. Біздің ел Орта держава ретінде бүкіл әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға үлкен үлес қоса алады деп сенем. Қазір БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі тиісті шаралар мен шешімдер қабылдай алмай отыр. Дегенмен,БҰҰ әлемде баламасы жоқ бірегей әрі әмбебап ұйым және әрдайым солай болып қала береді. Біздің негізгі саясатымыз осы ұйымды қолдау болып табылады.Сонымен қатар сіздердің елдеріңізбен екіжақты байланыстарымызды дамытуға назар аударамыз деп үміттенеміз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен сіздердің мемлекеттер басшыларына ізгі тілегімді жеткізгім келеді.

Бұған қоса мемлекет басшысы елшілерге Президент әкімшілігі мен сыртқы істер министрлігі және жалпы үкімет өзара ынтымақтастықты арттыруға қатысты мәселелер бойынша әрдайым байланыста болу үшін ашық болатындығын жеткізді. Өз кезегінде Қазақстанда дипломатиялық миссияларын ресми түрде бастаған елшілер жылы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыстарын білдірді.

Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстан Президентінің Францияға жасағалы тұрған мемлекеттік сапары екі елдің әріптестік аясын кеңейтіп, барлық саладағы ынтымақтастығын арттыруға мол мүмкіндік береді. Франция Қазақстанның бай тарихы мен мәдениетін құрметтейді. Біз білім саласында да әріптістегімізді арттырып жатырмыз. Алдағы уақытта Астана мен Алматыда француз мектептерін ашу жоспарымыз бар. 

Алешка Симкич, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі:

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсыру – мен үшін зор мәртебе. Еуропалық Одақ пен Қазақстан азаматтарының мақсаттары мен құндылықтары бір. Біз қарым-қатынасымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Сонымен қатар көптеген экологиялық сын-қатерлерді бірігіп шешу керек. 

«Елдестірмек елшіден». Осылайша, елшілер де екі жақты қатынасты дамытуға бар күш-жігерлерін салуға дайын екендіктерін жеткізді.

Айнұр Қуатқызы