Бауырлас мемлекеттер энергетикалық жүйелерін интеграциялады

akorda.kz

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан мемлекеттері энергетикалық жүйелерін интеграциялады, деп хабарлайды 24KZ. Бауырлас елдердің президенттері стратегиялық келісімге бүгін Бакуде қол қойды. Құжат Еуропа елдері мен өзге де нарықтарға экологиялық таза энергияны жеткізетін сенімді дәлізді қалыптастырады. Сондай-ақ тараптардың экономикасын күшейтуге көмектеседі.

Баку. СOP29 Дүниежүзілік климат саммитін қабылдаған Әзербайжан астанасында түркі жұрты үшін маңызды мәмілеге қол қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев, Ильхам Әлиев және Шавкат Мирзиёев үш елдің жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Мемлекет басшысы айтулы оқиға орнықты дамуға ортақ ұмтылыс болған тарихтың жаңа парағын ашқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қою – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірлерінің үшжақты ынтымақтастығын дамытудағы маңызды кезең. Құжат елдеріміздің энергетикалық жүйелерін интеграциялау, сондай-ақ Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға экологиялық таза энергияны жеткізетін сенімді дәліздерді қалыптастыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда Қазақстан ірі транзит аумағы ретінде үлкен рөл атқарады.

Келелі келісімнің нақты нәтижелері үш елдің экономикаларын біріктіріп, Орта дәлізді «жасыл көпір» ретінде дамытуға ықпал етеді. Оған қоса мемлекеттер арасындағы тәжірибе мен озық технологияларды алмасуға серпін береді. Энергетикалық қауіпсіздігімізді нығайтуға да көмектеседі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, көміртегі бейтараптығына жетуді көздейтін Қазақстан үшін жасыл энергетика маңызды бағыт саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз қазба байлықтарға тәуелділікті азайтуға белсенді түрде кірістік. Технологиялық инновацияларды дамытып, экологиялық орнықты өркендеуге демеу болатын инфрақұрылым құруға бет бұрдық. Қазақстан шетелдік серіктестермен жалпы қуаты 43 ГВт болатын «жасыл» жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

Бұл құжат Әзербайжан халқы үшін де маңызды. Ильхам Әлиев бүгінгі келісімдер үш мемлекет арасындағы бауырластық қатынасты жаңа деңгейге шығаратынын мәлімдеді. Сонымен қатар стратегиялық серіктестікті жаңа арнаға бұратынын жеткізді.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан президенті:

- Орталық Азия мен Кавказ өңірі көптеген мәселе бойынша, соның ішінде «жасыл» энергияны дамыту саласында бірлесіп әрекет етеді. Біз қайта жаңғыртылатын энергия көздері бағытында Қазақстан мен Өзбекстанның ауқымды жоспарлары мен қол жеткізген жетістіктері жайында жақсы білеміз.

Ал Өзбекстан Президентінің пікірінше, аталмыш келісім экономикалық мақсатты ғана көздемейді, бұл – болашаққа қосылған ортақ үлес.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан президенті:

- Аталған жобаның экологиялық маңызын ерекше атап өткім келеді. Желден, күннен алынатын қуат климаттың жұмсаруына әсер етеді. Осы арқылы біз Париж келісімі аясында климатты қорғау жөнінде бірлескен күш-жігерге қолдау білдіріп, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге атсалысамыз.

Ордалы отырыста қабылданған құжат мұнымен шектелмеді. Мемлекеттер басшыларының қатысуымен бауырлас елдер Жасыл энергияны дамыту және беру саласындағы ынтымақтастық туралы атқарушы бағдарламаға қол қойды. Бұл уағдаластыққа тараптардың Энергетика министрлері және Сауд Арабиясының ведомство басшысы қатысты.

Авторы: Бекзат Аманов.